RU

Сәуір айында 20 мыңға тарта қазақстандық коронавирус жұқтыруы мүмкін бе

Көшедегі адамдар
Көрнекі фото: Marijan Murat/picture alliance via Getty Images

Денсаулық сақтау министрлігі Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн брифингте коронавирусқа байланысты сәуір айына арналған болжам жасады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Денсаулық сақтау министрлігінің бірінші вице-министрі Марат Шорановтың айтуынша, қысқа мерзімде, яғни сәуірде Қазақстанда 13-тен 20 мыңға дейін коронавирус жұқтыру дерегі тіркеледі деген болжам бар.

Ол денсаулық сақтау министрлігінде екі апта сайын болжам жаңарып отыратынын айтты.

Еске салсақ, денсаулық сақтау министрлігі коронавирус статистикасы бойынша жүргізілген тексерістің алдын ала нәтижесін жариялады.

Вице-министр Ажар Ғинияттың айтуынша, коронавирустық пневмония (КВИ) статистикасына артық адам жазылып кеткен. Бір науқас дәрігерге бірнеше рет көрінгеннен кейін әрбір қабылдау статистикаға бөлек адам болып енген. Осылайша өткен жылы коронавирустық пневмонияға 19 мың науқас артық жазылған. Алдағы уақытта оны алып тастамақ.

Оған қоса, денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов Орталық коммуникациялар орталығында өткен онлайн-брифингте Наурыз мейрамын қалай атап өту керек екенін айтқан еді.

"Ауқымды мерекелік іс-шаралар өткізбеуге кеңес береміз, керісінше, Наурызды қонаққа бармай, отбасыңызбен тойлауды ұсынамыз. Жаңа жылдық мерекелерден кейін екі апта өткен соң елімізде коронавирус жұқтырғандардың саны артқаны естеріңізде болар? Осы жайтты есте сақтап, санитарлық нормаларды, яғни бетперде тағу және әлеуметтік арақашықтықты сақтауға шақырамыз", – деді денсаулық сақтау бірінші вице-министрі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901837-sauir-aiynda-20-mynga-tarta-qazaqstandyq-koronavirus-zuqtyruy-mumkin-be/