RU

Алматыда полицейлерге жеңілдікпен пәтер алуға мүмкіндік берілді

Полицей
Көрнекі фото: NUR.KZ

Шаһар әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасын орындау мақсатында “Алматы жастары 3.0” тұрғын үй бағдарламасы аясында 300-ге жуық пәтер жас полицейлерге төмен пайызбен беріледі деп хабарлайды Polisia.kz.

"Жеңілдетілген бұл несиелендірудің ерекшелігі – бастапқы төлем 10%-ды, несиенің максималды сомасы 18 млн теңгеге дейінгі соманы құрайды.

Сонымен қатар, жылдық пайыздық үстеме – 5%. 25 жылға беріледі. Бұл жобаға 35 жасқа дейінгі, тек әлеуметтік жағынан осал қызметкерлер ғана емес, барлық қызметкерлердің қатыса алатынын атап өткен жөн.

Қазіргі уақытта барлық шарт пен талап Алматы полицейлерінің назарына ұсынылды, сонымен қатар қызығушылық танытқан барлық қызметкерлер ақпаратпен www.almaty-zhastary.kz сайтында таныса алады.

Жеке баспана алудың мұндай мүмкіндігі жас полицейлер үшін қызметтік міндеттерін орындау үшін тамаша генератор екені сөзсіз", – деді Кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары Олжас Мырзабеков.

Айта кетейік, оңтүстік астанадағы жастардың тұрғын үй проблемасын шешетін "Алматы жастары" бағдарламасына қатысуға өтінім беру 10 наурыздан басталады.

"Алматы жастары" бағдарламасына қатысуға өтінім 10-31 наурыз аралығында жүргізіледі. Бағдарлама бойынша несие мөлшерлемесі-5%, бастапқы жарна-10% Қатысуға өтінімді: www.almaty-zhastary.kz сайты арқылы беруге болады", - делінген "Отбасы банк" Instagram парақшасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901845-almatyda-policeilerge-zenildikpen-pater-aluga-mumkindik-berilip-otyr/