RU

Павлодарда экономикалық соттың төрағасы қызметінен босатылды

Сот12
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Павлодарда пара алды деген күдікке ілінген, облыстық мамандандырылған экономикалық соттың төрағасы қызметінен босатылды. Талғат Тағажайды жұмысынан босату туралы жарлыққа мемлекет басшысы қол қойған деп хабарлайды Астана арнасы.

Еске сала кетейік, өткен жылы аталған сот төрағасы кәсіпкерлердің бірінен 20 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталған болатын.

Кейін жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері оның пара алуға оқталғанын айтып, қылмыстық істі тоқтатқан еді.

Алайда Жоғары сот кеңесінің сот алқасы, судья атына кір келтіргені үшін Талғат Тағажайды жұмыстан босату керек – деп шешім шығарған.

"Президенттің 2021 жылғы 27 ақпандағы №525 жарлығымен Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Тағажай Т.Б теріс қылық жасағаны үшін қызметінен босатылды", - дейді Павлодар облыстық соты баспасөз қызметінің маманы Маржан Құрманғалиева.

Ө. Қуанар

Айта кетейік, бұған дейін "Қазақстан Темір Жолы" компаниясының Павлодардағы филиал басшысы қарамағындағылардан сыйақы алды деген күдікке ілінгені хабарланған еді.

Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің баспасөз хатшысы Максим Зенгердің мәліметінше, күдікке ілінген басшысының 4 жыл бойы орынбасарымен бірге 100-ден аса қызметкерінен ақшалай сыйақы алып келгені анықталған.

Оның дерегінше, сыйақының көлемі 8 бен 10 мың теңгенің аралығында. Қазіргі уақытта аталмыш факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901868-pavlodarda-ekonomikalyq-sottyn-toragasy-qyzmetinen-bosatyldy/