RU

"Алданып қалады": Ләйлә Сұлтанқызы баласынан бас тартқан аналар жайлы айтты

Ләйлә Сұлтанқызы
Фото: Instagram/sultankyzy

Отандық танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы қоғамдағы маңызды мәселелердің бірін көтерді. Ақпарат өкілі түрлі өмірлік факторлар салдарынан туған баласынан бас тартуға мәжбүр болған аналар жайлы өз ойын айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Ләйлә Сұлтанқызы өз сәбилерін тастап кеткен жас аналарға қатысты жазбасын Instagram парақшасында жариялаған. Тележүргізуші олардың мұндай қадамға баруына не себеп екенін ашып жазды. Оның сөзінше, көп жағдайда бойжеткендер айналасынан қолдау таппағандықтан, балаларынан бас тартуға мәжбүр болып жатады.

"Ана болу бақыты. Біреуге бұйырады. Біреуге бұйырмайды. Біреулер баланы аңсайды, енді бірі баласынан бас тартуға мәжбүр. Неге деп жазғырамыз оларды. Амалы жоқ. Алданып қалды, жігіті алмайды. Аяғы ауыр екенін білген ата-анасы теріс айналады. Қоғам да лағынет айтады ондай қыздарға. Байғұстың паналайтын жері жоқ, баласын туған соң, тастап кетеді.
Бұл — қоғам дерті. Осыған бей-жай қарамаған меценаттар 8 жыл бұрын өз ақшаларына «Аналар үйін» ашқан екен. Елімізде қазір 17 «Аналар үйі» жұмыс істеп жатыр. Аналар үйі жұмыс істегелі баласынан бас тартып, өмір бойы өкінетіндер саны 64%-ға азайған екен. Ол жердегі психологтар, әлеуметтік жұмысшылар жас аналар мен олардың ата-анасымен 3 айдан — жарты жылға дейін жұмыс жасап, ойын өзгерткен" , - деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901924-aldanyp-qalady-laila-sultanqyzy-balasynan-bas-tartqan-analar-zaily-aitty/