RU

Өскеменде балабақшадағы қатігездік видеоға түсіп қалды

Балабақша
Оқиға орны. Видеодан кадр: instagram.com/go_oskemen

Әлеуметтік желіде балабақша қызметкерінің тәрбиеленушіге қатігездік танытқан видеосы тарап кетті. Пікірлерде оқиғаның Өскеменде болғаны айтылған. Бейнежазбаға қатысты ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі мен қалалық білім басқармасы пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Мұның бәрі біздің қаламызда болып жатыр. Осы топтағы ананы білемін. Директор мен әдіскер бәрін жасырып отыр. Әрине, тәрбиешіні жұмыстан шығарып жіберді. Егер таныстарыңыз осы балабақшаға баратын болса айтыңыздар. Бұл мекеменің саясаты қандай екенін білсін", - дейді видео жарияланған парақшалардың бірінің оқырманы.

Кадр сыртындағы дауыс бұл жайттың "Арман" балабақшасында болғанын айтады.

Қызметкердің кіші топқа келіп, баланың бірін еденге лақтырғанын көруге болады. Бала бірнеше метрге сырғып барып құлайды. Содан кейін қайта тұрып, балаларға қарай жүгіреді. Тәрбиешінің әрекеті тағы қайталанады.

"Оның не істеп жатқанын қараңыздар. Ол баланы лақтырып жатыр. Бұл кімнің баласы?", - дейді кадр сыртындағы дауыс.

Өскемен қаласы білім бөлімінің хабарлауынша, олар жағдайдан хабардар. Болған жайтқа жол берген жетекшілерге, тәрбиешілер мен қызметкерлерге тиісті шаралар қолданылады.

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2021 жылдың 3 наурызында Өскемендегі "Арман" балабақшасындағы тәрбиеленушілердің бірінің ата-анасы өңірлік білім басқармасына жүгінген.

"2021 жылдың 3 наурызында Қылмыстық кодекстің 140 бабы (Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды", - дейді ведомство.

Әкімдік балабақша директоры мен тәрбиешісі Еңбек кодексінің бабына сәйкес қызметінен босатылғанын хабарлады.

"Бүгін ШҚО білім басқармасының басшысы балабақшаның ата-аналарымен кездесу өткізеді. Сонымен бірге қаланың ең жақсы психологтары балалармен жұмыс істеуге тартылатынын айта кетейік. Бұл мәселе облыс басшылығының бақылауында", - дейді баспасөз қызметі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901952-balany-laqtyrgan-oskemende-balabaqsadagy-qatigezdik-videoga-tusip-qaldy/