Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Погон таққандарға қызықтым": Атыраулық криминалист ару қызметі жайлы баяндады

Опубликовано:

Фото
Фото: Polisia.kz

Атырау қаласы полиция басқармасы жедел-криминалистикалық тобының аға криминалисі Ұлжан Уразалиева бұл қызметке қалай келгенін айтып берді деп хабарлайды Polisia.kz.

"Әлі есімде жетінші сыныпта оқып жүрген кезімде теледидардан погон таққан қыздар туралы хабарды көріп, қатты қызықтым. Ата-анам полицейлердің қызметі қыздарға қиын екенін айтып, басқа мамандық таңдауға үгіттеді. Алайда, алған бетімнен қайтпай, 2012 жылы ішкі істер министрлігінің Алматыдағы академиясына оқуға түстім.

Оқуға түскенде криминалист мамандығын таңдадым. Себебі, осы саланың өзгешелігі, ғылымның әр түрлі салаларын зерттеп, ұдайы ізденіспен шұғылданатыны қызықтырды" – деп сөзін бастады Ұлжан.

Ол еңбек жолын Мақат ауданының полиция бөлімінде криминалист болып бастағанын жеткізді. Ұлжанның сөзінше, алғаш рет осы қызметтің қыр-сырын үйреткен тәлімгерінің аты-жөні Жасқайрат Қалдыбаев. "Ұстазыма алғысым шексіз" дейді полиция қызметкері.

Осы орайда Ұлжан жұмысы туралы қысқаша айтып өтті.

"2017 жылы ауданда пәтер ұрлығы болды. Жедел-тергеу тобының құрамында оқиға орнына бардық. Оқиға орнын қарау  кезінде бірнеше саусақ, аяқ іздері алынды. Дактилоскопиялық сараптама қорытындысы бойынша алынған іздер ІІО есепте тұратын азаматқа сәйкес келді. Тергеу барысында оның осы қылмысқа қатыстылығы дәлелденіп, іс сотқа жіберілді. Осылайша, қылмыстың ізі суымай ашылуына криминалист-маман ретінде өз үлесімді қосқаныма қуандым. Басшылық та риза болды. Тағы бірде дүкен ұрлығы болды. Көптеген іздер ішінен күдік тудырғаны әйелдердің киім-кешектері мен опа-далабы сатылатын бөлімнен алынған іздер болды. Ұзамай қылмыс жасаған азаматша ұсталып, тергеу кезінде қылмысын мойындады. Күнделікті қызмет барысында криминалистерге қылмысты ашуға көмектесетін “қиын жұмбақтарды” шешуге де тура келеді. Сондықтан криминалистерге соңғы ғылыми жаңалықтарға ден қойып, білімін тұрақты түрде жетілдіріп отыру керек деп санаймын", – деді ол.

Ұлжан ішкі істер органдарында қызмет атқарып, криминалист мамандығын таңдағанына қуанады. Оның айтуынша, криминалист – күрделі, әрі ерекше мамандық.

Атыраулық азаматша қызметтен қолы босағанда спортпен айналысып, кітап оқығанды ұнатады. Ал демалысында ата-анасына көмектесіп, үйге қонақ шақырып, дастархан мәзірін дайындағанды жақсы көреді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901959-pogon-taqqandarga-qyzyqtym-atyraulyq-kriminalist-aru-qyzmeti-zaily-bayandady/

pixel