Шешімді тек директор шығармайды: Қазақстанда мұғалімдерді жұмысқа қабылдау тәртібі өзгереді
Жарияланған күні:
Сенат депутаттары жалпы отырыста ғылым мәселелері бойынша заң жобасын мақұлдады. Құжатқа сәйкес мұғалімдерді мектепке қабылдау тәртібі өзгереді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Сенатор Бақытжан Жұмағұловтың хабарлауынша, заң жобасы ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет саласындағы заңнаманы жетілдіру және оның нәтижелерін коммерцияландыру мақсатында әзірленген.
Палата спикері Мәулен Әшімбаев сонымен бірге құжат бойынша мектеп директорларының ротация институты енгізілетінін айтты.
Оның сөзінше, бұл процедураны министрлік әзірлеген ережелерге сәйкес білім басқармалары жүзеге асырады.
Кейінірек, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасында құжат бойынша енді мемлекеттік білім беру ұйымдарына педагогтерді конкурс арқылы қабылдау енгізілетінін жазды.
Бұдан былай мұғалімді жұмысқа қабылдауға қатысты шешім тек директорлар қабылдамайды.
"Яғни мұғалімді жұмысқа қабылдауға қатысты шешім тек директорларға тәуелді болмайды. Қазіргі таңда педагогтерді жұмысқа қабылдау бойынша қолданыстағы жүйе ашықтық қағидаттарына толығымен сай деп айтуға келмейді, сәйкесінше сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол берілуі мүмкін. Мәселен, кейбір өңірлерде бір пән бойынша бір ставканы төрт мұғалімге бөліп береді. Бұл өз кезегінде білім беру сапасына кері әсер етеді", - дейді министр.
БҒМ басшысының айтуынша, мұндай фактілердің алдын алу үшін педагогтерді жұмысқа конкурс арқылы іріктеп, барлығына түсінікті әрі ортақ ереже бойынша қабылдау көзделген.
"Ережеде конкурстық іріктеудің нақты қағидалары бекітіледі. Бұл жұмыс цифрлық технологиялардың көмегімен автоматтандырылады.
Сәйкесінше педагогті жұмысқа қабылдау туралы шешімді бір ғана адам емес, көпшілік қабылдайтын болады. Педагогтердің кәсібилігіне және барлық талапқа сай болуына ден қойылады", - дейді Асхат Аймағамбетов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901965-sesim-direktorga-taueldi-emes-qazaqstanda-mugalimderdi-zumysqa-qabyldau-tartibi-ozgeredi/