Қарлы боранда көліктерге жол көрсетіп жүгірген қостанайлық полицей марапатталды
Опубликовано:

Кеше Қостанайда ерлігі мен жанкештілігімен ерекшеленген полиция қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Атап айтар болсақ, көліктер легінің басында жол көрсетіп, жүгірген әлеуметтік желі қаһарманына айналған Қостанай полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының инспекторы Амантай Байжановқа "Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін" медалі табысталды.
Сондай-ақ, Амантайдың әріптесі Әмір Шалғымбаев Ішкі істер министрлігінің грамотасы марапатталды. Шалғымбаев оқиға болған боранды күні онымен бірге қызметте болды.
"Қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен батылдығы, жанкештілігі мен ерлігі үшін марапатталады", – делінген Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығында.
Сондай-ақ, ұлдарына үлгілі тәрбие бергені үшін полиция қызметкерлерінің ата-аналарына алғысхаттар табысталды.
"Қызметтік борышын адал және ар-ұжданмен орындайтын ұлдарыңызды тәрбелеу жолында еткен еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын. Осындай жанкешті қызметтің мысалдарын қолдана отырып, жүрек қалауы мен қабілетінің арқасында азаматтарымыздың тыныштығы мен амандығын күзететін нағыз кәсіпқой, патриот қалай әрекет ету керек екенін көрсету арқылы полиция қызметкерлерінің жас ұрпағын тәрбиелейміз", – деді Қостанай облысы ПД басшысының орынбасары Ардақ Ынтықбаев.

Естеріңізге сала кетейік, Амантай Байжанов қазнеттің нағыз қаһарманына айналған болатын.
Полиция қызметкері Қостанай өңіріндегі дауыл кезінде көліктерге жол көрсетіп, колоннаның алдында жүрігіп отырып, қалаға дейін екі шақырымды еңсерген. Тәртіп сақшысының айтуынша, оның орнында әр полицей тура осылай әрекет ететін еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1902004-qarly-boranda-kolikterge-zol-korsetip-zugirgen-qostanailyq-policei-marapattaldy/