Қазақстан Тәжікстанмен тұрақты рейстерді қайта қалпына келтіреді

Опубликовано:

Ұшақ
Көрнекі фото: piqsels.com

14 наурыздан бастап Қазақстан Тәжікстанмен тұрақты рейстерді қалпына келтіреді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің Telegram-дағы ресми арнасында хабарланды.

Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасы аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2021 жылғы 2 наурыздағы шешіміне сәйкес, Алматы-Душанбе-Алматы бағытында Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тұрақты рейстерді қайта ашуға рұқсат етілді.

Тәжікстанда COVID-19 инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі індетке қарсы іс-шараларды күшейту жөніндегі республикалық штабтың шешіміне байланысты бастапқы кезеңде рейстер әр тараптан аптасына 1 рейстен ғана орындалады.

2021 жылғы 14 наурыздан бастап "Эйр Астана" әуе компаниясы Алматы мен Душанбе қалалары арасында аптасына 1 рет (жексенбі күндері) тұрақты рейс орындауды жоспарлап отыр.

Ал Тәжікстан жағынан Алматы мен Душанбе қалалары арасында тұрақты әуе қатынасын 2021 жылғы 18 наурыздан "Somon Air" әуе компаниясы аптасына 1 рейспен (бейсенбі күндері) қайта бастайды деп жоспарланып отыр.

Азаматтық авиация комитетінің Telegram-дағы ресми арнасындағы ақпарат бойынша, рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компанияларының сайттарында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1902029-qazaqstan-tazikstanmen-turaqty-reisterdi-qaita-qalpyna-keltiredi/