RU

Қостанай облысында екі зейнеткерді зорлықпен өлтіріп кеткен

Пышақ ұстаған жігіт
Көрнекі фото: NUR.KZ

Қостанай облысында қарттарды өлтірді деген күдікпен екі ер адам ұсталды, олардың бірі марқұмдармен таныс болған деп жазады Алау.

Басылым мәліметінше, 1 наурыз күні Алтынсарин ауданының Щербаково ауылында жеке үйден зорлықпен өлтірілген 84 жастағы ер адам мен 75 жастағы әйелдің денесі табылған.

Тәртіп сақшылары бұл фактіні Қылмыстық кодекстің 99-бабы "Кісі өлтіру" және 192-бабы "Қарақшылық" бойынша тіркеді.

Оқиға орнына жедел-тергеу тобы, облыстық полиция департаментінің басшылығы келді.

Полицияның ақпаратынша, жедел-іздестіру шаралары барысында 31 және 32 жастағы күдіктілер анықталып, қолға түскен.

Қаскүнемдердің бірі зардап шегушілермен таныс болған, ол бұрын сол ауылда тұрған.

"Күдіктілер облыс орталығынан ауылға зейнеткерлерді тонау мақсатында келген. Ер адамдар ақша талап етіп, зейнеткерлерге пышақ жарақатын салған", - деп жазды басылым полицияға сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Күдіктілердің уақытша ұстау изоляторына қамалғаны белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1902037-qostanai-oblysynda-eki-zeinetkerdi-zorlyqpen-oltirip-ketken/