RU

Алматыда көлік тонаумен айналысқан қылмыстық топ мүшелері құрықталды

Фото
Оқиға орнынан фото: Polisia.kz

Алматы қаласының орталығында көлік тонаумен айналысқан үш күдікті қолға түсті деп хабарлайды Polisia.kz.

Басылым мәліметінше, 39 бен 42 жас аралығындағы үш ер адам тұрақта тұрған көліктерді тонаумен айналысқан. Олардың қылмыстық әрекеттерін түнгі немесе кешкі уақытта жасағаны анықталды. Іс материалдары бойынша бір жәбірленушінің көлігінен шамамен бір миллион теңге қолды болған.

Бұл оқиға қатысты Медеу аудандық Полиция басқармасының басшысы Дәурен Өтебаев пікір білдірді.

"Сол күні кешке қылмыстық топ мүшелері құрықталды, олардан айғақ заттар алынды. Олар жолда, жол жиегінде тұрған көліктерді тонаумен айналысқан. Қылмыстық топ көлікпен жүргендіктен,  олардың тез қимылдауы мүмкін болған. Олар көліктің терезесін сындыру арқылы салонға еніп, сатылуы мүмкін барлық заттарды қолды қылған. Осы орайда автокөлік иелеріне бағалы заттарды және көп ақшаны көлікке қалдыруға болмайтынын ескертеміз. Ақшаны, гаджеттер немесе әмияндар мен сөмкелерді, тіпті іші бос болса да, көрінетін жерде қалдыру ұрылардың қызығушылығын арттырады.
Сізден ештеңе ұрланбаса да, сынған әйнек шығынға батырады. Сондай-ақ, бейнетіркеуіштерді де жасырып қоюды немесе өзіңізбен бірге алып жүруді ұсынамыз. Қазіргі уақытта осы ұрылардың бес қылмысы дәлелденді, бірақ олардың бұдан бірнеше есе көп қылмыстарға қатысы болуы мүмкін, –  деді ол.

Дәурен Өтебаевтың айтуынша, ұсталғандардың барлығы Алматы қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта қылмыстық кодекстің 188-бабының 3-бөлігі ("Ірі көлемде жасалған ұрлық") бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1902046-almatyda-kolik-tonaumen-ainalysqan-qylmystyq-top-museleri-quryqtaldy/