RU

Түркиядағы тікұшақ апаты: Тоғыз адам қаза тауып, төртеуі жарақаттанған

Тікұшақ құлаған аймақ
Фото: Getty Images/ Contributor

Түркияның шығысында тікұшақ құлап, салдарынан 9 адам қаза тапты. Тағы төрт адам түрлі дене жарақаттарын алған.

Cougar типіндегі тікұшақ Түркияның құрлықтағы күштеріне тиесілі болған деп хабарлады Түркияның Ұлттық қорғаныс министрлігіне сілтеме жасаған ТАСС.

Тікұшақ Бингель қаласынан Татван қаласына бағыт алып, жергілікті уақытпен 13: 55-те көкке көтерілген. Тікұшақпен байланыс сағат 14: 25-те үзілді. Министрліктің хабарлауынша, тоғыз сарбаз қаза тауып, төртеуі түрлі дене жарақаттарын алған.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметіне сәйкес, апат болған жерге тірі қалған адамдарға көмектесу үшін әскери қызметкерлер, жедел жәрдем және құтқарушылар жіберілген.

Еске салсақ, бұған дейін 26 ақпанда Боралдай әуежайынан ұшып шыққан Ан-2 апатты жағдайда шұғыл қонуға мәжбүр болғанын жазған едік.

Ұшақ командирі Тахир Өтегеновтің айтуынша, ол ұшақтың құлап бара жатқанын сезіп, шұғыл қону қажет деген шешім қабылдаған екен.

"Шұғыл тапсырманы орындауға ұшқан кезде 50 метр биіктікке көтерілгенде мен құлап жатқанымызды сездім, қозғалтқыштың қуаты әлсірей бастады. Мен әуежайға оралу үшін ұшақты кері бұрдым. Ұшақтың ішінде жолаушылар болғандықтан және елдімекеннің үстінен ұшып бара жатқанымызды ескеріп, қонуға мейлінше қолайлы жер таңдадым. Борттағы жолаушылар мен экипаж мүшелері дін аман", - деп есіне алды ұшақ командирі Тахир Өтегенов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1902083-turkiyadagy-tikusaq-apaty-togyz-adam-qaza-tauyp-torteui-zaraqattangan/