Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Екеуі ауыр халде: Алматы облысындағы жол апатының куәгерлері оқиғаның қалай болғанын айтты

Опубликовано:

Жол апаты болған ауыл
Жол апаты болған ауыл. Кадр: "Алматы" арнасы

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында мас күйдегі ер адам қағып кеткен оқушы қыздардың жағдайы өте ауыр. Дәрігерлер балалардың өмірін сақтап қалуға барын салуда. Жол апатының куәгерлері қорқынышты күнді еске алып, оқиғаның қалай болғанын айтып берді деп хабарлайды "Алматы" арнасы.

Қайғылы оқиға Қорам ауылында кешкі сағат 18.00 шамасында орын алған. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, мас көлік жүргізушісі мектептен қайтқан оқушыларды қағып, әрі қарай көлік бірнеше метр жерде тұрған жол белгісіне барып бір-ақ тоқтаған.

"Біз бірден далаға жүгіріп шықтық. Аяғы сынған қыз айғайлап көмек сұрап тұрды. Сәл әрірек екі қыз жерде жатты. Көршілерге айтып жедел жәрдем шақырттық", – деді куәгер Александра Григориади.

8-9 жастағы жеткіншектер дереу ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер қазір қыздардың екеуі жасанды тыныс алу аппаратына қосылғанын айтуда. Ал біреуінің денсаулығы тұрақты болғандықтан, облыстық көпсалалы аймақтық балалар ауруханасына ауыстырылыпты.

Аурухана
Кадр: "Алматы" арнасы

"Ауыр бас ми жарақаты, бас миының жаншылуы, кеуде торының жарақаты, іштің жарақаты және екі санының жабық сынығы. Травматикалық шокпен жеткізілді. Қазір толыққанды емін алып жатыр. Бірақ динамикалық жағдайы әлі ауыр", – деді Шелек ауылындағы аудандық ауруханасы жансақтау бөлімінің бөлім меңгерушісі Серікбек Нұрланбек.

Айта кетсек, бұл жағдайды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз бақылауына алатынын мәлімдеген еді. Облыс әкімінің орынбасары мен аудан әкімі балалардың жағдайын көріп, олардың ата-анасымен кездескен.

"Облыс әкімінің орынбасары, аудан әкімі өзі келіп, дәрігерлермен, туыстарымен сөйлесті. Мемлекет тарапынан заң аясында қандай көмек керек, барлық көмек көрсетілетін болады. Тасымалдауға жағдайлары жарайтын болса, Алматы қаласына жіберуді жоспарлап отырмыз. Ал бүгінде балалар қалыпқа келгенше осы емханада болады", – деді Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаев.

Ал ауыл тұрғындары көлікті басқарған 54 жастағы азаматтың ішімдікке әуестігі жоғын әрі ол ауылдағы белсенді тұрғындардың бірі екенін айтуда. Мұндай жағдайдың орын алғаны тұрғындардың қабырғасын қайыстырған сыңайлы. Олар балалардың амандығын тілеп отырғандарын алға тартты.

"Белді, жақсы жігіт ол. Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ. Байқамай ішкен шығар енді ол. Кінәсін мойындайды. Ауылға барлық көмекті беріп жүреді. Кеше анасы барып алдарынан өтті. Жазым ғой енді, аман-есен болып жазылып кетсе болды", – деді Қорам ауылының тұрғыны Мәди Өтемісов.

Бүгінде күдікті ұсталып, қамауға алынған. Қылмыстық кодекстің 345- бабы, яғни мас күйінде көлік айдап жол ережесін бұзу арқылы денсаулыққа зақым келтіру бабы бойынша тергеу жұмыстары басталып, сараптама тағайындалған.

Назкен Еркін, Сағынғали Мұңайтпасов

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1902132-ekeui-auyr-xalde-almaty-oblysyndagy-zol-apatynyn-kuagerleri-oqiganyn-qalai-bolganyn-aitty/

pixel