RU

Масканы шешуге тыйым салғаннан кейін оқушы көз жұмды: Желіде тараған ақпарат қаншалықты рас

Маскадағы қыз
Көрнекі фото: pixabay.com

Желіде Италияда қайтыс болған мектеп оқушысы туралы ақпарат талқыланып жатыр. Болжамдардың біріне сүйенсек, ол дене шынықтыру сабағында масканы шешуге рұқсат етпегеннен кейін көз жұмған. Бұл мәліметтің рас-өтірігін Stopfake.kz сайты анықтап көрді.

Басылымның жазуынша, 2020 жылдың қараша айының соңында Италияда 10 жасар қыздың дене шынықтыру сабағында көз жұмғаны рас. Алайда оның өліміне ішкі ағзалардың патологиясы себеп болған.

Бұл денені тексеру барысында расталған.

Өткен жылдың 27 қарашасында La Sicilia басылымы аутопсия қорытындысын жариялаған.

Мақалада табиғи себептердің баланың өліміне әкелгені жазылған.

"Көз жұмған кезде қыздың маскада болған-болмағаны туралы еш жерде хабарланған жоқ. Асфиксия белгілері денеде де, денені тексеру кезінде де табылмаған. Олай болса, баланың мезгілсіз қайтыс болуына маска себеп болды деген пікір – желі қолданушыларының жорамалдары", - дейді басылым.

Сайттың жазуынша, коронавирус диссиденттерінің балалар өлімі туралы жалған ақпарат тарату фактісі бұған дейін де болған.

Мәселен олар Германияда 13 жастағы қыз маска тағуға мәжбүр болғандықтан мектеп автобусында көз жұмғандығы туралы жалған ақпарат таратқан.

Айта кетейік, осыған дейін желіде денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың 10 наурызға дейін гүлге жақындауға болмайтыны туралы айтқан видеосы таралған еді.

Алайда денсаулық сақтау министрлігі бұл хабарламаның шындыққа жанаспайтынын мәлім етті.

Белгілі болғандай ролик министр теледидарда сөз сөйлеген кезде түсіріліп, дауысы монтажбен қойылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1902200-maskany-sesuge-tyiym-salgannan-keiin-oqusy-koz-zumdy-zelide-taragan-aqparat-qansalyqty-ras/