RU

Таразда облыс әкімдігінің қызметкері сотталды

Шенеунік
Көрнекі фото: Sputnik / Владислав Воднев

Тараз қаласында облыстық әкімдік қызметкері үш жарым жылға сотталды. Ол нақты жұмыстар атқарылмаса да, тиісті құжаттарға қол қойған деп жазады Sputnik Қазақстан.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметіне сәйкес, Тараз қаласының №2 соты Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Шыршынбаевты 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға шешім шығарған.

Ол "Жамбыл облысының Мойынқұм және Қордай ауданындағы уран кен орындарының қалпына келтірілген нысандарында қоршауды қалпына келтіру және ескерту белгілерін орнату" нысаны бойынша орындалмаған жұмыстар үшін қабылдау актілеріне қол қойған.

"Осы ісімен ол лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланды деп күдіктеліп, мұндай әрекетімен мемлекетке 50 822 236 теңге залал келтірген", – дейді аса маңызды істер бойынша тергеуші Данияр Биғайдаров.

Бұдан бөлек, Талдықорған қалалық сотының үкімімен "Талдықорған қаласының құрылыс бөлімі" ММ басшысы Телеубаев 4 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелген.

Ол 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысы бойынша орындалған жұмыстар актісіне қол қойғаны үшін 400 мың теңге көлемінед пара алды деп айыпталған.

Жалпы биыл екі айдың ішінде 120 адам сотталған. Олардың ішінде пара алған, пара берген, алаяқтық пен ұрлық жасаған, сондай-ақ лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланған адамдар бар.

Мәселен 41 адам бас бостандығынан айырылса, 10 адамның бас бостандығы шектелген, 63 адам айыппұл төлеуге міндеттелген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1902221-tarazda-oblys-akimdiginin-qyzmetkeri-sottaldy/