Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Хабарламаны өшір": Ақтөбеде пара алу бойынша үстінен іс қозғалған шенеунік қызметтен кетті

Жарияланған күні:

фото
Фото: Nur.kz

Ақтөбе облысы Әйтеке би аудандық білім бөлімінің басшысы Қаныш Жарымбетовке қатысты пара алу фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс Әдеп кеңесінде қорытындыланды. Тергеу бөлімі шенеунікті пара алу үстінде ұстай алмаған. Есесіне, ауданның бас ұстазы мен мердігер компания өкілінің арасындағы хабарламалар әшкере болды. Білім бөлімі басшысының әрекеттері заңсыз деп танылды.

Ақтөбеде Әдеп жөніндегі кеңес өкілдері Әйтеке би аудандық білім бөлімінің басшысы Қаныш Жарымбетовтың тәртібін қарады. Әдеп кеңесіне шақырылған ауданның бас ұстазына қатысты 2020 жылдың 3 сәуірінде Е.Мурзабаевтың арызы негізінде қылмыстық іс қозғалған. Агенттік өкілдер істі тісіндіріп, шенеуніктің заңсыз әрекетін әшкерелейтін хабарламаны оқып берді.

«Арызды қарау барысында Қ.Жарымбетов Әйтеке би ауданының 22 мектеп пен 1 интернатқа бейне бақылау жүйесін орналастыру бойынша жалпы соммасы 40 млн.теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысуға азамат Е.Мурзабаевқа ұсыныс жасап, жеңімпаз ретінде тану және әрі қарай қамқоршылық таныту үшін 7 000 000 теңге талап еткендігі анықталды.

Сонымен қатар, Сарат, Басқұдық және Үшқатты ауылдық округтарында орналасқан балабақшаларында бейне бақылау жүйесін орналастыруға бір көзден сатып алу бойынша келісім-шарт жасауға ықпал еткендігі белгілі болған»,-деді облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының бас маманы Ләззат Қонаева.

Алайда, қылмыстық іс 2021 жылғы 1 ақпанда шенеуніктің іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған. Себебі тергеу тобы шенеунікті ақша алу үстінде ұстай алмаған. Керісінше, «Whatsapp» желісі арқылы хат алмасу жазбалары тергеу тобын Әдеп кеңесіне жүгінуге мәжбүрледі.

«Whatsapp» желісі Қаныш Жарымбетовтың жазбасы: «Сен онда шешіп дайындап қой», «Мен өзім алмайм», «Адам жіберем», «Мен қолға алмайм. Госпын го», «Әңгіме болып кетеді.Бере алмасан сразу айт», «Қолыма тигенде хабар берем», «СМС ошир», «Маған телефонмен әңгіме айтпа десе, Е.Мурзабаев: «Қашанға? Банктен шешу керек, канша?» «Озине бере салайын», «Ортаға ешкімді қоспай». «Менде дайын», «Қазір шешіп қоям» (Хаттағы жазылған хабарлама сол күйі берілді – ред.)

Әдеп кеңесі өкілдерінің алдынды Қаныш Жарымбетов өз кінәсін мойындаған жоқ.

«Айтылған мәселеге мен толық қарсымын. Бұл жігітпен сөйлескенімді мойындаймын. Бұл жерде жұмыс жүру үшін шамалы ойнадым. Білемін, артық кеткен жерім осы болды. Оны бірінші күннен бастап мойындадым. Мен тек жұмысты жүргізуді ойладым. Аудан әкімдігінен 9 млн теңге сұрап алып, білім бөліміндегі 33 млн теңгеге қосып, 42 млн теңгеге құжат дайындадым»,- деді Қаныш Жарымбетов.

Тергеу бөлімінің басшысы анықталған әрекеттерді түсіндіріп берді.

«Қаныш Жарымбетовке қатысты қылмыстық іс тіркелген. Пара алу дегері бойынша 500 мың теңге тек қана алған ақшаның алғашқысы сомасы. Негізі одан да көп алу керек болған. Жедел тергеу әрекеттерін жүргізу барысында ол сомманы алуға мүмкіндік болмады. Сондықтан дәлелдердің жеткіліксіз болуына байланысты қылмыстық істі тоқтатуға шешім қабылданды. Істі тоқтату туралы шешім қабылдау барысында мемлекеттік қызметкерлердің Әдеп кодексі, мемлекеттік қызмет талаптарын өрескел бұзғаны толық құжаттармен нақты дәлелденді. Қылмыстық іс құжаттары бойынша жазылған хабарламалар осы кісінікі екені дәлелденген»,-деді Тергеу басқармасының басшысы Айдарбек Аташев.

Әдеп кеңесі Әйтеке би аудандық білім бөлімінің басшысын жұмыстан шығару түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылдады.

«Пара алып ұсталған кезде ол кісі бұл жерде отырмайды. Басқа жерде отыратын еді. Сол себепті іс қысқартылғаннан кейін материалды Әдеп жөніндегі кеңіске шығарып отырмыз»,- деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Балғабек Бауыржан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1902266-xabarlamany-osir-aqtobede-para-alu-boiynsa-ustinen-is-qozgalgan-seneunik-qyzmetten-ketti/