Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мәңгі ештеңе жоқ": Есен Елеукен бас жүлдеге 5 млн теңге тігілген жаңа жоба бастады

Опубликовано:

Жайдарман
Фото: "Jaidarman CUP"

«Қазақстан КВН Одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Есен Елеукен KAZ.NUR.KZ тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді. "Бар жанарды жаулаған" Жайдарман ойындарының негізін қалаушы бүгінде өзі жүргізетін бағдарлама 7 арнадан өзгеше форматта көрсетілетінін, "Тамаша" арнасының жабылуына не себеп болғанын және қандай өзгерістерге бет бұрғаны жөнінде баяндап берді.

"Тамаша арнасы 2018 жылы 1 қыркүйете ашылып, 27 шілде күні жабылды. Оның себебін министр Аида Ғалымқызы түсіндірді. "Жарнама арқылы күн көріп келген арна, карантинге байланысты жарнама берушілер де аз болғандықтан, жабылуға мәжбүр болды" деп жеткізді.

Негізі бұл арнаға алғашында белгілі бір көлемде қаржы бөлініп, келер жылдан бастап өз күнін өзі көріп келген. Мен енді коммерциялық жағына араласпадым, өйткені ол басшылықтың құзіретінде болды.

Бірақ, жабылған соң көп көрермен іздеді. Әсіресе, ауылдағы ағайын. Олар әлеуметтік желілерде де іздеп, хабарласты. Аз ғана уақыт ішінде өз көрерменін тауып, қызмет еткен арна еді.

Әрине, өкінішті. Егер басқа бағыттағы немесе менің жеке арнам болса, жабылмауы үшін жүгіруге болатын еді. Бірақ, басшылықтың шешіміне қарсы бола алмадық. Біз менеджерміз, шығармашылық топпен бірлесе жұмыс істеп кішігірім жетістікке жеттік.

Мен үшін бұл үлкен тәжірибе болды. Сол жұмыс барысында әзілге, осындай жобаларға қатысты ұйымдастырушылармен, орындаушылармен, танымал актерлармен жолығып, ортақ проблемалардың бар екенін білдік", - дейді Жайдарман ойындарының басшысы.

Көп адамдар әзілге жеңіл дүние деп қарайтынын жеткізген ол әзіл-қалжыңның адам өмірінде алатын орны ерекше екенін атап өтті.

"Әзіл дегеніміз адамның көңілін көтеру ғой. Ол адамға қажет нәрсе. Позитив керек. Оның адамға қаншалықты қажет екенін карантин кезінде де жақсы түсіндік. Біз жасаған бағдарламалар адамның жүзіне кішігірім күлкі үйірсе де, позитив сыйлай білді", - дейді Есен Елеукен.

"Jaidarman CUP"
Фото: "Жайдарман"

Сондай-ақ, ол "Тамаша "арнасы жабылғаннан кейін карантин кезінде шығармашылық топпен біраз ойланып, жан-жақты зерттегенін және нәтижесінде қандай шешімге келгенін де айтты.

"Жайдарман орындарын ай сайын емес, екі-үш рет қана өткізген едік. Сол уақытта көрерменнің шапалағы, энергиясы, аурасы ойыншыларға жетіспеді. Сөйтіп, әзірге көрерменсіз өткізе алмайтын болғандықтан, ойлана келе өзгеріс керек деп шештік.

Тек "Жайдарман" ғана емес, жалпы осы ойынға қатысы бар жандардың да өмірге, ойынға деген көзқарасы өзгеру керек деген шешім қабылдап, үш-төрт айдай ақылдастық.

Содан кейін "7" арнаға ұсыныс жасадық. Негізі өзге телеарналардан да ұсыныс түсті. Не себепті "7" арнаға таңдауымыз түсті, өйткені бұл арна да біз секілді аудиториясын кеңейткісі келіп, өзгеріске бет бұрған еді. Бірінші кезекте қазақ тіліндегі бағдарламаларды көбейтеміз деп шешкен. Екінші кезекте аудиториясын позитивті жастармен толықтырмақ.

Осы ретте бір-бірімізді тауып, түсінісіп, екіжақты қолдау білдірдік деп ойлаймын. Барлығы қаржылық жағдайға келіп тіреледі ғой. Түсірілім жасалатын ірі қалаларда бес-он тиынмен ойын ұйымдастыру мүмкін емес. Ол жақсы қаражатты талап етеді.

Сахналық жабдықтар, жарық, дыбыс, оған қатысатын балалардың жағдайы бар дегендей, осылардың бәрін қамтыған кезде "7" арна бізді толығымен қолдады. Бұл бір маусымдық емес, бірнеше маусымға созылатын ұзақ мерзімді жоба есебінде келістік.

Жайдарман
Фото: Жетінші арна

Осылайша, аталмыш арнада "Jaidarman CUP" деп аталатын жаңа жобамыз дайындалып жатыр. 6 наурыз күні, кешкі сағат 18:45-те эфирден көрерменге жол тартады.

Ең басты атап өтетініміз - бұл жобада бас жүлдеге 5 миллион теңге берілмек.

Алғашқы іріктеу кезеңі өткізілді, әрі қарай тағы төрт кезең бар: 1/8, 1/4, жартылай финал және финалдық бәсеке мамыр айының соңына дейін жалғасады. Барлығы 24 команда жинақталды.

Бұрын тек сахнадағы ойынды ғана көрсететінбіз, қазір бұл бағдарламада біз сахна сыртындағы өмірді де қамтимыз. Команда қалай құрылды, қайдан келді, басынан қандай қызықты оқиғалар өтті деген секілді. Ойын форматына келер болсақ, әр ойын сайын ең әлсіз команда жарысты жалғастырмай, "ұшып" кетіп отырады.

Бұл жерде бағалау жүйесі де өзгеше. Мысалы, қазылар алқасы бір бағаны екі бірдей командаға қоя алмайды. Яғни, өте қатаң талап. Төрешілерге артылатын жауапкершілік те күшті.

Бұрын мықты командаға жоғары баға қойып, о бастан жақсы ойнап келе жатқандарын да көтермелеп отыратын. Қазір ондай жоқ. Қатысушы команда өнер көрсетіп болған соң, қазылар алқасы ешкімді мақтамай, тек нақты ойларын айта алады.

"Jaidarman CUP"
Фото: "Jaidarman CUP"
Көрерменнің көзі үйренген бұрынғы "Жайдарманда" жеңілген команда өкпе-назын кімге айтарын білмей, іштен тынып жүретін еді. Қазіргі "Jaidarman CUP"-та қатысушылар өз ойын, ренішін ашық білдіре алады. Осындай секілді дүниелерге аса мән бердік.

Бұрынғыдай емес, бағдарлама құрылымы 3-4 бағытта болғандықтан, қызық болады деп сенімді түрде айта аламыз.

Тағы бір айта кетерлігі, "7" арна басшылығы қатысушы командалардың ішінен өздері үздік деп тапқан біреуіне жоба жасауға мүмкіндік сыйламақшы. Бұл үлкен мотивация деп ойлаймыз", - дейді Есен Елеукен.

Сонымен қатар, ол осы уақытқа дейін "Жайдарманмен" бірге болған жандарға алғысын жеткізе отырып, не себепті өзге арнаға ауысқандарын түсіндіре кетті.

"Ешқандай реніш болған жоқ. Түсіністік. Жалпы, ол арнада әзілге қатысты бағдарламалар болмауы керек, мейлінше азайту керек деген талап қойылған болатын. Ол шешімге түсіністікпен қарадық. Біз де "комфортты аймақтан" шыққымыз келді.

Бірнеше элементтер қосып жобаны қайта жасауға бел будық. Бірақ, оған қаржы жағынан тапшылық болды. Бізге қазір "7" арна жақсы мүмкіндік беріп, жағдайымызды түсіністікпен қабылдап отыр.

Бір арнамен даму керек деген түсінік бары рас, бірақ, солай екен деп өмір бақи жүре бермейміз ғой. Мәңгі дүние жоқ. Өзгергіміз келді.

Менің өзім де бұл бағдарламада, жобада стиль тұрғысынан, образым бойынша өзгеріске бардым. Жастар үшін, жаңа бағдарлама үшін дегендей.

Әрине, бұрын "Жайдарманды" көрерменге ұсынған арнаға алғысымыз зор. Су ішкен құдығыңа түкірме деген бар ғой. Бұл жағдай бізге де үлкен мүмкіндік сыйлады.

"Jaidarman CUP"
Фото: "Jaidarman CUP"

Кезінде ол арнада жүрген кезде өте жоғары рейтингтерді бағындырған едік. Соңына қарай бірқалыпты, бірсарынды болып кеткені рас. Бәлкім, оған басқаша көзқарас болған жағдайда, өзгерер ме ек. Сондықтан да, ешқандай реніш жоқ. Екіжақты келісіммен қош айтыстық.

Бұл қош айтысу уақытша ма, жоқ па, оны уақыт көрсететін шығар. Бір айтарым, біз "7" арнаға келгенде өзара жоспарларымызды бөлісіп, ұзақ мерзімге жұмыс істеуге келістік. Себебі, бұл бағдарламаның өз көрермені, ортасы бар дегендей, аудитория ауысып, қалыстасу үшін біршама уақыт керек.

Сосын, тағы бір айта кетерлігі, бұл арнада тек жайдарманшыларға емес, жайдарманнан шыққан балаларға, шығармашылық топтарға да мүмкіндік беріледі. Түрлі бағыттағы ойын-сауықтық бағарламалар, жастарға арналған жобалар осы арнаға шоғырланады деген жоспарымыз бар.", - деп түйіндеді сөзін «Қазақстан КВН Одағының» президенті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1902275-mangi-estene-zoq-esen-eleuken-bas-zuldege-5-mln-tenge-tigilgen-zana-zoba-bastady/

pixel