RU

Алматыға ПТР анықтамасыз ұшып келген жолаушыларды әуежайда бірнеше сағат ұстаған (фото, видео)

Әуежай
Көрнекі фото: NUR.KZ

Қазнетте оңтүстік астананың әуежайына ПТР анықтамасыз ұшып келген азаматтарды орналастыру орны мен көлік құралдарының дайын болмауына байланысты бірнеше сағат бойы әуежай аумағында ұстады деген жаңалық пайда болды.

Жолаушы қыздың шағымы жазылған хабарлама ZTB | Qazaqstan Telegram арнасында жарияланды. Автор мәтінде жағдайды баяндайды.

"Адамдар шетелден келді, бізге малға қарағандай қарауда. Олар коронавирусқа тест алуы керек еді. Оның орнына бізді әуежайда 3 сағаттан бері ұстап отыр. Карантинге арналған қонақүй де дайын емес, белгілі болғандай, автобустармен де қамтамасыз етілмеген", – деп шағымданды бойжеткен.

Сондай-ақ жазбада әуежайда адамдардың көптігін байқауға болатын фото және бейнежазбалар қоса берілген.

Бұл факті бойынша NUR.KZ редакциясы денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне жүгінді.

Ведомство әуежайда жолаушылардың бірнеше сағат күтуіне тура келгенін растады. Олар бұның себебін сол түні ұшып келген жолаушылар санын көптігімен байланыстырды. Яғни адамның көптігінен жеткізу қызметінде мәселелер туындаған.

Комитет келесіде шетелден оралатын қазақстандықтардан ПТР анықтамамен келуін сұрап отыр.

"Бұл жағдай 2021 жылдың 6 наурызынан 7-не қараған түні орын алды. Сол уақытта Алматы әуежайына 3 рейс қатарынан қонды:

  • Мале (Мальдив аралдары) - Алматы, келу уақыты - 03.16 сағат, келген жолаушылардың жалпы саны - 201, анықтамасы жоқ - 44;
  • Дубай (БАӘ) - Алматы, келу уақыты - 03.50 сағат, келген жолаушылардың жалпы саны -155, анықтамасы жоқ - 48;
  • Мале (Мальдив аралдары) - Алматы, келу уақыты - 04.00 сағат, келген жолаушылардың жалпы саны - 245, анықтамасы жоқ - 191 адам.

Коронавирустың бар-жоғын растайтын ПТР анықтамасыз келген 283 жолаушыны тест тапсыру пункттеріне жеткізу үшін 6 автобус пен 2 "Газель" бөлінді. Анықтамасыз келген жолаушылардың көп болуына байланысты тасымалдау кезінде кезек пайда болды.

Біз шетелге сапар шегетін барлық Қазақстан азаматтарын өз денсаулығына және айналадағы адамдардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Елге оралмас бұрын ПТР тестіден өтуге, отандастарыңыздың өміріне қауіп төндірмеуге кеңес береміз!", – деп хабарлады комитеттен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1902501-almatyga-ptr-anyqtamasyz-usyp-kelgen-qazaqstandyqtar-auezaida-birnese-sagat-kezekte-turgan-foto-video/