Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әйел мен еркек тең бе": Белгілі дінтанушы феминистер шеруіне қатысты ойын айтты

Опубликовано:

Қайрат Жолдыбайұлы
Фото: Қайрат Жолдыбайұлының Facebook парақшасынан

Дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы Алматыда өткен феминистер шеруіне қатысты пікір білдірді. Исламтанушы ғалым "әйел мен еркек тең бе?" деген сұраққа жауап берді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қайрат Жолдыбайұлы ер мен әйелді аяқ киімнің екі сыңарына теңеді.

"Аяқ киімнің жұбы тең болғанымен бірдей емес. Оңын сол аяғыңа, солын оң аяғыңа кие аласың ба? Кие алмайсың. Күштеп кисең аяғыңды ауыртып, екі басы екі бағытқа қарап тұрады. Бұлай ұзақ уақыт жүре де алмайсың. Әйелден еркек жасау да солай. Әйел мен еркек тең бе? Тең! Бірақ бірдей емес", - дейді Қайрат Жолдыбайұлы.

Дінтанушы ер мен әйелдің болмысына сай мінезі мен міндеті болатынын атап өтті.

"Әйел баласы бала тапса, табиғатына сай аналық міндетін атқарғаны емес пе? Әйел күйеуіне дәмді тамағын ұсынып, киімін жуып, жағдайын жасап жатса, мұны кем болғаны үшін емес, ерін, балаларының әкесін құрмет тұтқаны үшін жасайды. Отбасы жылуын арттыру үшін істейді. Еркек пен әйел еш айырмашылықсыз бірдей болғанда, Алла еркек-әйел деп бөліп жатпай бір ғана жаратылыс жасар еді", - дейді ғалым.

Оның сөзінше, қоғамда әйелдерге еркіндік берілген.

"Біздің қоғамымызда әйел баласы дәл бүгінгідей еркін болған емес. Оқуын оқып, қалағанын киіп, баратын жеріне емін-еркін барып жүр. Жұмыс істеймін дегені жұмысын, жеке кәсіппен айналысамын дегені кәсібін дөңгелетуде", - дейді дінтанушы.

Қайрат Жолдыбайұлы қоғамда әйелін адам құрлы көрмейтін, болмашы нәрсеге бола көк-ала етіп сабайтын, кез келген жағдайда әйелді кінәлі етіп шығаратын еркектер де, келінін күң секілді көретін енелер де барын жоққа шығармайды.

Имам мұндай надандықпен ағартушылық арқылы, заңның аясында күресу керектігін алға тартты.

"Бірақ бұлармен күресеміз деп, әйелге шексіз еркіндік беру, некесіз жыныстық қатынасты мәдениет, жезөкшелікті адал құқылы мамандық етуді сұрау адасу, қоғамды бұзу болмақ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін арнайы заң бар. Зорлық көрген әйел кісілер телефон шалып, дабыл қақсын. Сотқа берсін. Заң жұмыс істемесе, соны көтерсін.

Ал тұрмыстық зорлық-зомбылықты сылтауратып, "жатырым өзімдікі", "ана болу міндет емес" секілді тексіздік пен арсыздықты насихаттау, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан отбасы құндылықтарына шабуыл жасау қазақтың болашағына балта шабу", - дейді Қайрат Жолдыбайұлы.

8 наурыз күні Алматыда өткен феминистер шеруі қоғамда қызу талқылануда. Пікір білдірушілердің бір бөлігі митингке шыққандарға қолдау білдірсе, енді бір бөлігі олардың қылығы қазақ қоғамына жат екенін айтады. Журналист әрі "Қалаулым" ток-шоуының қатысушысы Айдос Игіліков те бұл идеяны әсте қолдамайтынын және шеруге шығушылардың басқа ермегі жоқ екенін айтты.

Еске сала кетсек, Алматыда мереке күні өткен феминистер шеруіне жүздеген әйел жиналды. Іс-шараны ұйымдастырушылар оның мақсаты Қазақстандағы әйелдердің құқықтарын сақтауға арналғанын мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1902893-aiel-men-erkek-ten-be-belgili-dintanusy-feminister-seruine-qatysty-oiyn-aitty/

pixel