RU

Ақтөбеде студенттер төбелесіп, біреуі пышақ жарақатын алды

Пышақ
Көрнекі фото: piqsels.com

Ақтөбе Автожол колледжінің екі оқушысы үйінің ауласында төбелесіп, бірі екіншісіне пышақ салған деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық ПД ЖПҚБ бастығы Ардана Саймағамбетовтің айтуынша, оқиға 10 наурыз күні болған.

Ақтөбе автожол колледжінің екі студенті өзара сөзге келіп, бірі екіншісіне пышақ жарақатын салған.

Жәбірленуші ауруханаға жеткізіліп, оған медициналық көмек көрсетілген. Қазіргі уақытта жағдайы тұрақты.

Осы жайттан кейін облыстық полиция департаментінің қызметкерлері облыстағы білім мекемелерінің басшыларын шұғыл жинаған.

Олар Автожол колледжінің студенттері мен ата-аналарының қатысуымен жиналыс өткізген.

"Жастар ортасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу отбасының, сондай-ақ мектеп пен демалыс мекемелерінің бастапқы міндеті болып табылады", - дейді Ардана Саймағамбетов.

Сонымен қатар жиында оқытушылар да ата-аналарға өтінішін жеткізген.

"Тәрбие отбасында басталуы керек. Ата-аналар баланың кіммен және қайда екенін, қандай сайттарды қарайтынын білуі тиіс", - дейді Автожол колледжінің директоры Жанар Әлішева.

Айта кетейік, бұған дейін Орал қаласында жастар арасындағы жанжал төбелеске ұласып, салдарынан бірі пышақ жарақатынан көз жұмған еді.

Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде аса ауыр қылмысты жасады деген күдікпен Орал қаласының 27 жастағы тұрғыны ұсталған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1902976-aqtobede-studentter-tobelesip-bireui-pysaq-zaraqatyn-aldy/