RU

Алматыда демалыс күндері сауда орталықтары жұмыс істемейтін болды

Сауда орталығы
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматыда сенбі, жексенбі күндері сауда ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлері жабық болады. Бұл туралы қаланың бас санитарлық дәрігері қол қойған жарлықта жазылған.

Құжатта қала коронавирус бойынша "қызыл" аймаққа енген кезде сауда және ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлері мен сауда желілерінің жабылатыны көрсетілген.

Сонымен бірге құжатта сенбі, жексенбі күндері азық-түліктік немесе азық-түліктік емес жабық базарлардың жұмысы да тоқтатылатыны жазылған.

Ал азық-түліктік немесе азық-түліктік емес ашық базарлар тек сенбі күндері жұмыс істейтін болады.

Еске сала кетсек, бұған дейін Алматыда эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты осы сенбі және жексенбі күндері қоғамдық көліктің оның ішінде метроның жүрмейтінін хабарлаған едік.

Қоғамдық көліктің жұмысы дүйсенбі, 15 наурыздан бастап қайта жанданады.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жетекшісінің орынбасары Әсел Қалықованың айтуынша, COVID-19 инфекциясын алматылықтардың басым бөлігі қоғамдық көліктер мен қоғамдық орындарда, отбасы мүшелерінен жұқтыруда екен.

Сонымен қатар коронавирус жұқтырғандардың көбеюіне отбасылық іс-шаралар мен 1-5 сынып оқушыларының мектепке баруы да себеп болып отыр.

Одан бөлек, ПТР тесті оң нәтиже көрсеткен азаматтардың өзін-өзі оқшаулау режимін бұзуы, шетелден келетін жолаушылардан COVID-19-дың анықталуы да ауру жұқтырғандардың өсеуіне әкелген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1903053-almatyda-demalys-kunderi-sauda-ortalyqtary-zumys-istemeitin-boldy/