RU

Қазақстанда 400 тұтқынның мерзімінен бұрын босап, үйлерді тонап жатқаны рас па

Сотталушылар
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде қамауда отырған 400 тұтқынның мерзімінен бұрын босатылғаны туралы хабарлама таратып жатыр деп хабарлайды StopFake.kz.

Желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, бұрынғы тұтқындар кілем тазарту компанияларының өкілдеріміз деп үйлерді аралап, тонап жатыр.

Алайда еліміздің Ішкі істер министрлігі бұл мәліметті теріске шығарды.

"Әлеуметтік желілерде сотталған 400 адамды Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен босату туралы жалған ақпарат таратылуда. ІІМ ҚАЖ Комитеті бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіндігін ресми түрде мәлімдейді”, – деп хабарлады ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі.

Ведомство, сондай-ақ, жалған ақпарат таратқаны үшін Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

Айта кетсек, бұл ел ішінде тараған алғашқы жалған ақпарат емес. Бұған дейін кейбір интернет-сайттар "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл" мерекелік медалін сатып алуды ұсынып жатқанын жазған едік.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі желідегі сауда алаңдарында медальдің сатылымға шыққаны туралы дерекке пікір білдіріп, мұның жалған екенін, мемлекеттік наградалар сатылмайтынын айтты.

Сонымен бірге ведомство Қазақстанның орденін, медалін, наградаларын сату не сату секілді іс-әрекет жасағандар қылмыстық жазаға тартылатынын хабарлады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1903105-qazaqstanda-400-tutqynnyn-merziminen-buryn-bosap-uilerdi-tonap-zatqany-ras-pa/