RU

52 жолаушысы бар "Шымкент-Түркістан" автобусы көктайғақта оқыс жағдайға тап болды

Автобус
Көрнекі сурет: pixabay.com

Түркістан облысында көктайғақтан жолдың шетіне шығып кеткен жолаушылар тасымалдайтын автобустың жолаушылары құтқарылды. "Шымкент-Түркістан" бағытындағы қоғамдық көлікте 57 адам болған деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, оқыс жағдай 13 наурыз күні сағат 23:47-те Отырар ауданы аумағындағы Ескі Шілік елдімекенінің маңында болған.

"Төрткөл-Шәуілдір" тас жолында көктайғақтан "Сетра" маркалы "Шымкент-Түркістан" жолаушылар тасымалдайтын автобус жолдың шетіне шығып кеткен.

"Оқиға орнына Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 5 қызметкері 2 техникамен шығып, автобусты жолдың тазартылған бөлігіне алып шықты. 14 наурызда сағат 01:24-те жолаушылар маршрут бойынша жөнелтілді. Медициналық көмекке қажеті болмады", - делінген хабарламада.

Көктайғақ салдарынан өңірде республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың біраз бөлігі жабылған.

"Бүгін сағат 09:00-ден республикалық А-2 "Қорғас-Алматы-Тараз-Шымкент-Ташкент" автожолының 593- 654 шақырымы (Жамбыл облысы - Түлкібас ауданының Машат ауылы) аралығында ауа-райының нашарлауына байланысты (бұрқасын жел, көктайғақ, көрінудің нашарлауы) барлық көлік түріне қозғалыс тоқтатылды", - делінген хабарламада.

Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желілерде Тараз-Шымкент тас жолындағы ұзын-сонар кептелістің видеосы тарап жатқанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1903323-52-zolausysy-bar-symkent-turkistan-avtobusy-koktaigaqta-oqys-zagdaiga-tap-boldy/