RU

Биылдан бастап Ақмола облысындағы жолдар ақылы болады

Фото
Көрнекі фото: Sputnik / Абзал Калиев

Биыл "Нұр-Сұлтан–Павлодар" мен "Нұр-Сұлтан–Қостанай" бағытындағы жол ақылы болады деп хабарлайды "Қазавтожол" компаниясының баспасөз қызметі.

"Нұр-Сұлтан–Павлодар" тас жолының ұзындығы 396 шақырымды құрайды. Ақылы бөлім Павлодар, Екібастұз, Ақсу қаласы мен Ерейментау ауданы арқылы өтеді. Мұнда қазірдің өзінде 7 бақылау аркасы орнатылған. Жол 1-ші техникалық санатқа жататындықтан, оған рұқсат етілген ең жоғары жылдамдық 140 шақырым/сағатты құрайды, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Ал "Нұр-Сұлтан–Қостанай" жолының ұзындығы 650 шақырым. Ақылы учаскеде 9 бақылау аркасы орнатылған. Олар осы көктемде сынақ режимінде жұмыс істей бастайды. Жол учаскесінде 2-ші және 3-ші санаттағы арақашықтықтар болғандықтан, жеңіл автокөлік иелері жол жүру ақысын төлемейді.

Қоғамдық тыңдау барысында жергілікті тұрғындарды төлем баламасының болуы немесе болмауы жиі алаңдатты. Ал "ҚазАвтоЖол" өкілдері кейбір аймақтарда ақылы бағыттармен қатар ақысыз жолдар да бар екендігін атап өтті.

Олардың айтуынша, Қазақстанда жаңа балама жолдар салынбайды. Өйткені, "Автомобиль жолдары туралы" заңда мұндай міндеттемелер қарастырылмаған.

Қазіргі кезде елдің шығысына қарай төрт жолақты магистраль салынып жатыр, ал М-36 жолының Қостанайға дейін жалғасуы әзірше екі жолақты күйінде қала тұрады.

"Бұл автокөлік қозғалысы белсенділігінің төмендігімен тікелей байланысты. Мемлекеттік стандарт бойынша, көп жолақты автомагистральдағы тәуліктік қарқындылық 7 мыңнан астам көлікті көрсеткенде ғана салынады. Ал қазіргі кезде бұл жолдағы көлік қозғалысының тәуліктік қарқындылығы 5 мыңға жетер-жетпес", – делінген хабарламада.

Солай десек те, Ақмола облысының тұрғындары ақылы магистральдарға жарық орнату мен малдан қорғанысты жақсартуды, бетпе-бет соқтығысудың алдын алу үшін аралық шлагбаумдар орнатуды, қар тоқтатудың тиімді әдісі мен жолдарды қардан уақылы тазартуды талап етті.

Сонымен қатар, ауылшаруашылығы техникаларын, коммуналдық көліктер мен жергілікті кәсіпкерлерді ақы төлеуден босату мәселесі де күн тәртібіне шығарылды.

Тұрғындар ақылы аймақтардағы төтенше жағдайлар немесе қауіпті жағдайлар туралы ескертетін электронды тақталарды әр 20-30 шақырым сайын орнатуды, ақылы жол өтетін әр елді мекенде жылы аялдамалар мен жаяу жүргіншілер өткелін салуды, ақылы аймақтарды күтіп ұстауды ауыстыруды ұсынды. Сондай-ақ, көпбалалы аналар мен Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен тұрғындарды және Чернобыль АЭС-ін жоюға қатысушыларды төлемнен босату мәселесін оң шешуді сұрады.

Айта кетейік, Ақмола облысында республикалық маңызы бар төрт автомобиль жолы бар. Олардың қатарындағы – "Нұр-Сұлтан–Щучинск" және "Нұр-Сұлтан–Қарағанды" жолы ақылы әрі көпжолақты.

Жалпы, жолдағы қауіпсіздікті жақсартып, күтіп-баптау шығынын азайту мақсатында мемлекет 2021 жылы 5,8 мың шақырым жолға төлем енгізуді жоспарлап отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1903364-biyldan-bastap-aqmola-oblysyndagy-zoldar-aqyly-bolady/