Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы облысында көшенің тарлығынан өрт сөндіруші көлік оқиға орнына жете алмай бір үй өртеніп кетті (фото)

Опубликовано:

Өрт
Фото: NUR.KZ

Алматы облысында 14 наурызда күн райы бұзылып, көшелер көктайғаққа айналды. Салдарынан Алматы іргесіндегі Бесағаш ауылының таулы аумағындағы бір үй арнайы көлік жеткенше, өртеніп кеткен. Ауыл тұрғындарының айтуынша, оқыс оқиға жексенбі күні түнгі сағат 00:00 шамасында болған. Абырой болғанда үй иелері аман деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Талғар ауданы Бесағаш ауылының тұрғыны KAZ.NUR.KZ тілшісіне хабарласып, оқиғаның мән-жайын айтып берді.

"Өрт түнгі сағат 00:00 шамасында бізден үш-төрт үй жоғары болды. Көршіміздің үйі екінші өрт сөндіру көлігі келгенше түгі қалмай жанып кетті. Үйдің иесін танымаймын. Осында қаңтар айында көшіп келгенбіз. Тарс еткен дыбыстан ояндық. Үйімізге өрт сөндіргіш машина кіріп кете жаздады. Қоршауды бұзып аулаға кіріп кетті. Абырой болғанда есік алдында құрылыс заттары жиналып тұрған. Камаз көлігі соған тіреліп барып, тоқтады. Әйтпесе газ пешке соғылуға аз-ақ қалыпты. Көшелер көктайғақ. Бізден ары жүре алмай өрт дер кезінде сөндірілмеді. Үй иелері бір киіммен шығып кетіпті. Қазір қайда екенінен хабарымыз жоқ", - дейді бір апаттан аман қалған Бейшақан Чуенбаева.

өрт
Фото: Бейшақан Чуенбаеваның жеке мұрағатынан

Ауыл тұрғындарының сөзінше, бұл жаққа көктайғақ кезде жүк көлігі тұрмақ, жеңіл көліктің өзі әрең көтеріледі. Ауыл балалары мектепке арнайы автобуспен қатынайды. Ата-аналар қыста қар қалың жауған күндері мұнда мектеп автобусы көтеріле алмайтынын да жеткізді.

"Әкімдік тұз сеуіп, жолды ашуды ойластыру керек. Бұл жол мәселесі жыл сайын қайталана береді. Автобус кейде мұнда көтеріле алмай оқушылар күтіп қалатын кездер болады", - дейді ата-аналар.

Алматы облысы Төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі өрттің шығу себебі туралы хабардар етті.

"2021 жылғы 14 наурызда сағат 23.36-да Алматы облысы Төтенше жағдай департаментіне Талғар ауданы Бесағаш ауылдық округі "Луч" бау-бақша қоғамында жеке тұрғын үйдің өртенгені туралы хабарлама келіп түсті. Шақырту орнына дереу Талғар қаласынан екі өрт сөндіру есебі (қашықтығы 20 шақырым) және Алматы қаласы ТЖД-нен бір өрт сөндіру есебі жіберілді. Еске сала кетсек, сол түні Алматы облысының барлық аумағында жаңбыр, қар және көктайғақ түрінде қолайсыз ауа райы болды.

Өрт болған жерге бара жатқан жолда тарылған саяжай жолымен, шамамен 35 градус еңіспен түсу кезінде Талғар қ. №2-МӨСБ бір өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі жолда мұз жамылғысының пайда болуына байланысты, қарсы келе жатқан жеңіл автокөлікпен соқтығысуды болдырмау мақсатында, жеке тұрғын үйдің қоршауына соғылып, маневр жасады. Нәтижесінде құмблокты қоршау ішінара бүлінді. Осы оқиғаның салдарынан зардап шеккендер мен құрбандар жоқ. Үй иесіне келтірілген материалдық шығын өтеледі.

Қалған өрт сөндіру есеп топтары белгіленген уақытта өрт орнына келді. Өрт 01 сағат 01 минутта оқшауланды және 02 сағат 06 минутта жойылды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Алдын ала болжам бойынша өрттің шығу себебі электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болған", - деді облыстық төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі.

Тұрғындардың жол мәселесі бойынша шағымын жеткізген тілші сауалына Талғар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі жауап берді.

"Аталған аумақ саяжай статусында тұрғандықтан, жол, су, жарық, басқа да коммуникацияға әкімдік жауап бермейді. Жол тар болғандықтан, оған ауыл статусын бере алмай отырмыз. Қыста жолға тұз себу, қардан тазалау саяжай кооперативінің құзырында. Өртенген үйде тұрған отбасы қазір туыстарының үйінде", - дейді аудан әкімдігі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1903398-almaty-oblysynda-ort-sondirusi-kolik-oqiga-ornyna-zete-almai-bir-ui-ortenip-ketti-foto/

pixel