RU

Қызылордадағы 4 адамның өмірін жалмаған газ жарылысы: Оқиғаға қатысты тың деректер шықты

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ

Қызылорда облысы Қармақшы ауданында жеке тұрғын үйде газ жарылуы салдарынан қаза болған тұрғындардың кімдер екені белгілі болды деп жазады Қазақпарат.

Еске сала кетсек, бүгін, 15 наурызда сағат 13:30-да Жосалы кентіндегі бір қабатты жеке тұрғын үйде көлемі 27 литр газ баллоны жарылып, салдарынан төрт адам қаза тапқан болатын.

Басылым мәліметінше, облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының күшімен үйінді астынан 4 адамның мәйіті табылған.

Олардың біреуі - 1981 жылы дүниеге келген үй иесі. Сонымен қатар, үй иесінің 2000 жылғы сіңлісі мен 1999 жылғы туысы, 2001 жылғы көршісі оқиға орнында көз жұмған.

Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру мамандары келгенге дейін көршілер үйден 1950 жылғы көршісін шығарып, ауруханаға жеткізгенін хабардар етті.

Қызыл жалынның 15:17-де толық сөндірілгені белгілі болды. Өрт алаңы 144 шаршы метрді құраған. Ал құлау алаңы 46 шаршы метр. Сағат 17:05-те үйдің құлаған құрылымдарын талдау жұмыстары аяқталды.

"Өрт болған жерге тексеру жүргізілуде. Оқиғаның себебі анықталуда. Оқиға орнына Қызылорда қаласынан өрт сынақ зертханасы келді", - делінген ведомствоның хабарламасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1903444-qyzylordadagy-4-adamnyn-omirin-zalmagan-gaz-zarylysy-oqigaga-qatysty-tyn-derekter-syqty/