Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бір ғажайып болды": Баланың шыққан иығын онлайн салып бергенін айтқан ақтөбелік емші елді таңырқатты

Опубликовано:

Фото
Фото: NUR.KZ

Ақтөбелік Бағдагүл Лепесова бір күнде 15 мыңнан аса адамға онлайн ем жүргізеді. Сұраныстың көптігінен емшінің WhatsApp әлеуметтік желісінде ашқан чатының саны 57-ге жеткен. Оның әрқайсысында 250 адам емшінің кеңесін тыңдайды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бағдагүл Лепесованың айтуынша, онлайн түрде ем жүргізу карантин кезінен басталған.

"Бұрын адамдар келіп қаралды. Онлайн дегенді білген жоқпыз. Елімізде шектеу шаралары күшейген кезде қоңырау шалатындар көбейді. Маған Нұр-Сұлтан қаласынан бір келіншек үнемі қаралатын. Бізге келіп, бөпелі де болды. Карантин кезінде баласының иығы шығып кетіп, "көмектесіңізші" деп видео қоңырау шалды. Ондайды күтпегенмін, басында "қалай саламын?" деп өзім де састым. Көңілін қалдырғым келмеді. "Менің атымды айтып, қолын көтерші" деп едім, видеодан ақ бір нәрсенің жалт еткенін көрдім. Баланың қолы орнына түсті. Бір ғажайып болды", - дейді ақтөбелік емші.

Бағдагүл Чапайқызы өзінің бұрын тек сынықшылықпен ғана айналысқанын айтады.

"Мен негізі сынықшымын. Аузым кішкентайымнан дуалы. Бір оқиғаны айтайын, 4-5 жасымда әкем аяғы шығып кеткен лақты үйге кіргізді. Лаққа жаным ашып, аяғын сипап отырдым. Сол кезде лақтың шыққан аяғы орнына түсіп, жүгіріп кеткен. Әкем сол кезде сынықшы болатынымды сезген. Себебі менің атам сынықшы болған адам.

Өзім дарынды балаларға арналған мектепте оқыдым. Баламыз ғой, ешнәрсені түсінбеймін. Бір жерін сындырып, шығарып алған адамдарды көрсем салып бергім келіп тұрады. Мектепте жүргенде бір күні медициналық бөлмеде жылап отырған қызды көрдім. Аяғына гипс салған. Аяғы орнына түспеген екен. Сол жерде гипсті шешкізіп, аяғын салып бердім. Медициналық пункте татар келіншек болды. Кеңес кезінің оқушыларымыз ғой. Мені сол кезде ешкімге айтпа деп шақырып алады. Жайлап келіп, сынғандарды салып беретінмін", - деп сол кезді есіне алды емші.

Бағдагүл Лепесова 2009 жылы салық саласында жұмыс істеп жүріп қатты аурығанын, сол кезден бастап адамдарды емдей бастаған. Бүгінде оған еліміздің әр өңірінен адамдар жүгінеді.

"Атыраулық келіншек жолдасының қызуы көтеріліп ауырып жатқанын айтып, көмек сұрады. WhatsApp арқылы су оқып бердім. Ана кісі соны ішіп жазылған және оны бірнеше адам пайдаланған. Атырауға барғанымда вахтаның ер адамдары гүл алып алғыс айтуға келді. Әрбір қоңырауға үлгермей жатқан соң WhatsApp арқылы бір чат аштық. Оған қосылуды сұрағандардың санында шек болмады. Қазір ем жүргізетін чаттың саны 57-ге жетті. Ем алушылар барлық қаладан бар. Әрқайсысында 250 адам отыр. Сол чаттарда кешкілік ем жүргіземін. Тегін. Тек ырымдап, 7 теңгеден жоғары береді.

Бір күні бір кісі үй сыйлады. Жалғыз баласының қолы шығып кеткен екен. Апармаған жері жоқ. Баласы ауырсынып қалған. Профессорларға да апарған екен. Қолы қисық бітіп кеткен. "Бір бөлмелі үй алып берейін, баламның қолын жазып берші" деді. Мен азар да безер болдым. Құрсын бір бөлмелі үйі несі, бес минуттық шаруа ғой деп. Баланың қолын қайта сындырып, түп-түзу қылып салып бердім", - дейді ол.

Ерекше қабілеті туралы айтқан Бағдагүл Лепесова шетелде де ем жүргізген.

"Айтқан сөзім тез орындалады. Өзім түсінбей қаламын. Кездесулерде бір келіншек "Дубайға бардым" деп айтып отырды. Сол кезде мен де "Дубайға барсам екен, әумин" деп айтқанмын. Алланың қолдауында шек жоқ, сәтін салып, Дубайдан бір-ақ шықтым. Ол жақ та қызыққа толы болды. Дубайда алтын сататын дүкенге кіргенмін. Бір келіншек әрең сөйлеп тұр. Қолы ауырсынып тұрғанын көрдім. Сатушысы қырғыз қыз екен. Үндемей шығып кете алмадым. "Қолын емдеуге бола ма? деп сұрадым, олар келісті.

Отырғызып қойып, сол сәтте салып бердім. Кейін осында келгеннен кейін әлгі әйел жазылғанын айтып, ризашылығын білдіріп 1000 доллар ақша салып жіберді. Алланың берген несібесі шексіз. Мына үйімді де несиесіз қалай алғанымды білмеймін. Артыма жинаған көп ақшам да жоқ сияқты еді. Әр сәрсенбіде аталар аян береді. Кешкі 10:00-де тікелей эфир жүргіземін. Сол кезде бата беремін", - дейді ақтөбелік емші.

Аталардың әруағы аян беретінін айтқан Бағдагүл Лепесова әлемге қауіп төндірген індет туралы да болжам жасаған.

"Карантин кезінде түс көрдім Бекет ата, Есет ата, Назар аталар аян берді. "Халыққа қиын жағдайды ескерт, әрбір үшінші үйден өлік шығады" деді. Өзімнің түсімнен қорықтым. Есет атаның басына барып, құран оқыттым. Атаның басына барғанымда тоқтай алмай жыладым. Ата ақыреттің басталғанын ескертті. Сол кезде WhatsApp арқылы айтқан аудио хабарламам бүкіл елге тарап кетті. Мен онда халыққа қорықпау керектігін айттым.

Ата әруағының айтуынша, ауру жел болып кіріп, тер болып шығады. Көп адам сол хабарламаны тыңдағанда ауырып жатқан жерлерінен тұрғанын айтты. Бұрын сынық салғанда ондай қабілетім жоқ секілді еді. Екінші бір тынысым ашылғандай. Айтқан тілегім тез орындалады. Қолымнан келгенше көмектесемін. Бата беремін, жол ашамын. Ешкімді іздемеймін, жарнама жасамаймын. Келгендерге көмек беремін. Адам сеніп келсе, ем қонады", - дейді Бағдагүл Лепесова.

Сөз соңында Бағдагүл Лепесова емделушілердің қатарында сал ауруы мен қатерлі ісіктен жазылып кеткендердің бар екенін, емдеу орталығына күніге 200-300 адамға дейін келетінін, бір күнде 15 мыңнан аса адам онлайн ем алатынын айта кетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1903512-kunde-15-myn-adam-aqtobelik-emsi-igy-syqqan-balaga-qalai-onlain-komekteskenin-aitty/

pixel