RU

Қызылордада гуманитарлық жүкті өз пайдасына жаратқандар анықталды

Тәжвирус маска
Көрнекі фото: azh.kz

Еліміздегі жекеменшік компанияның бірі гуманитарлық жүк атын жамылып салық төлеуден жалтаруға тырысқан. Алайда жоспардың қыр-сыры ашылды. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасы хабарлады деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Қазақстанда пандемия уақытында жеке қорғаныс құралдарының тапшылығы байқалды. Олардың бір бөлігі елге гуманитарлық көмек арқылы жетті. Осы мақсатта әкелінген тауарларға кедендік төлемдер мен салық салынбайды.

Алайда бұны өз пайдасына асырмақ болған кәсіпкерлер де табылған.

Мәселен, 2020 жылы Қызылорда облысында жекеменшік компанияның салық пен кедендік төлемнен жалтару фактісі анықталған.

Бас көлік прокуратурасында түсіндіргендей, фирма гуманитарлық көмек ретінде Қазақстанға бір реттік және көп реттік қорғаныс комбинезондарын, бахила, қорғаныс көзілдіріктерін, бас киімдерді, медициналық маскаларды, резеңке қолғаптарды жеткізген.

Жүктің салмағы 123 келі, ал жалпы сомасы 3,4 млн теңгеден асқан.

Бірақ ұйым мұқтаж жандарға көмектесудің орнына тауарларды өз мақсатына пайдаланған.

Негізінде мұндай жүкті импорттау қажет және міндетті төлемдер жасалу керек.

Прокуратураның араласуынан кейін компания кедендік тексеруден өтіп, ақырында төлемдер толық көлемде төленген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1903536-qyzylordada-gumanitarlyq-zukti-oz-paidasyna-zaratqandar-anyqtaldy/