RU

Түркістан облысында қарызын сұраған ер адамды танысы өлтіріп қойды

мәйіт
Көрнекі фото: van-horn.net

Түркістан облысында ер адам берген қарызын сұрау үшін барып, кісі қолынан қаза болды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Сайрам аудандық полиция басқармасына 14 наурыз күні түнгі сағат 23:00 шамасында жергілікті тұрғын күйеуінің із-түссіз жоғалғаны туралы айтып, арызданған.

Тәртіп сақшылары арызды бірден тіркеп, жоғалған азаматты іздестіруге кіріскен. Жан-жаққа бағыттамалар беріліп, аудандық полиция басқармасының жеке құрамы жұмылдырылған.

Полицейлердің жылдам әрекетінің арқасында күдіктінің ізіне түскен. Оның түр-тұлғасын анықтап, жоғалған ер азаматтың танысы екенін білген.

Күдікті Сайрам ауданындағы Қарамұрт ауылының тұрғыны болып шықты. Ол өз кінәсін мойындамай, жауаптан жалтаруға тырысады.

Алайда полицейлер дәлелдер мен айғақты заттарды жинақтап, жоғалған азамат өзінің "БМВ" көлігін тастап, тек осы күдіктімен жолыққанын және күдіктінің көлігіне отырып кеткенін толығымен дәлелдеп шығады. Осыдан соң күдікті өз кінәсін толық мойындайды.

Тексеру барысында белгілі болғандай, жоғалған ер азамат өзінің танысындағы ірі көлемдегі ақшасын алу үшін онымен жолыққан. Күдіктінің көлігіне отырып, жолда кетіп бара жатып екеуінің арасында дау жанжал туындаған.

Нәтижесінде қарызды қайтарғысы келмеген күдікті өзінің танысын аяусыз қылқындырып, жер жастандырған. Ал мәйітті өзінің бұрынғы жұмыс істейтін орны, карьердің маңына ауыр қылмысын жасыру мақсатында көміп тастаған.

Күдікті ер азамат қамауда. Ол бұрын сотты болмаған. Бүгінде оған қатысты ҚР ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігімен «Адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1903628-turkistan-oblysynda-qaryzyn-suragan-er-adamdy-tanysy-oltirip-qoidy/