RU

Алматылықтар лық толы автобустарды видеоға түсіріп, Бекшинге үндеу жасады

Автобус
Фото: instagram.com/kris.p.almaty.official

Оңтүстік астананың тұрғындары қоғамдық көлік мәселесіне шағымданды. Алматылықтардың сөзінше, автобустар лық толы, ал қоғамдық көліктердің саны аз. Жолаушылар автобус салонында не болып жатқанын көрсетті.

Алматылық автобустарда түсірілген роликтер Instagram парақшаларда пайда болды.

Видео авторларының бірі карантин жағдайында биліктің қоғамдық көлік жұмысын ретке келтіре алмай отырғанына шағымданған.

"Бекшин мырза, адамдардың ауру жұқтырмасы үшін автобустың көбірек әрі салонда адамдардың азырақ болуын қамтамасыз ете алмасаңыздар, карантин талаптарын сақтау туралы сөз қозғауға бола ма? Сіз әлі күнге дейін адамдарды кафелер мен тауда ауру жұқтырады деп санайсыз ба? Демалыс күндері транспортты шектеу - бұл шешім емес", - дейді krisp.almаty парақшасында жарияланған роликтің авторы.

Сонымен бірге видеоның 16 наурыз күні, сағат 8.30-да 22 автобуста түсірілгені жазылған. Автор қоғамдық көліктердің санын көбейту керек деп есептейді.

"Қызыл" аймақтан "қара" аймаққа өткенін күтіңіздер", - деп жазды тағы бір роликтің авторы.

Ол да автобустардың жетіспеушілігіне шағымданған. kris.p.almaty.official парақшасында жарияланған видео 47 автобуста түсірілген. Автордың сөзінше, автобустар лық толы, ал жолаушылардың басым көпшілігі маска тақпайды.

Айта кетсек, Алматыдағы қоғамдық көліктердің фотосы мен видеосы бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде жарияланып келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1903634-almatylyqtar-lyq-toly-avtobustardy-videoga-tusirip-beksinge-undeu-zasady/