RU

Атырау облысында 15 пәтерді тонаған күдіктілер ұсталды

Пәтер
Көрнекі фото: Newtimes.kz

Атырау облысының Жылыой ауданында 15 пәтерді тонаған күдіктілер ұсталды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жылыой аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері 12 наурызда аудан орталығы – Құлсары қаласында жедел іс-шаралар жүргізген. Іс-шара кезінде пәтер ұрлығы қылмысына күдікті 1995 және 1994 жылы туған екі тұрғын ұсталды. Олар – Құлсары қаласының тұрғындары.

"Тексеру кезінде күдіктілердің Жылыой ауданында тіркелген 15 пәтер ұрлығына қатысы бары анықталды. Сондай-ақ, күдіктілерден алтын бұйымдар мен электрондық техника табылып, тәркіленді", - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Қазір ұсталған күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабы, 3-тармағымен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда несие кеңсесін тонаған күдікті ұсталған болатын.

Айта кетейік, Қызылорда облысындағы Жалағаш ауданының орталығында екі ер адам дүкен ішінде тұрған банк терминалын бұзып жатқанда қолға түсті. Түн ортасында Жалағаштағы дүкен ішінде адамдардың жүргені туралы аудандық ішкі істер бөліміне хабар түскен.

"Тәртіп сақшылары оқиға орнына барғанда дүкен ішіндегі Kaspi Bank терминалын "болгаркамен" кесіп жатқан екі адамды ұстады. Күдіктілер өздерімен бірге электрлі бұрғы мен тістеуік сияқты құрал-саймандарды алып, шатыр арқылы кіргені анықталды", – делінген облыстық полиция департаментінің хабарламасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1903653-atyrau-oblysynda-15-paterdi-tonagan-kudiktiler-ustaldy/