RU

"Антын орындады": Алматыда әуе апатынан қаза тапқан ұшқыштың әкесі ұлы туралы айтты

Әкесі
Видеодан кадр: КТК

Алматы облысында әуе апатынан қаза болғандар жер қойнына тапсырылды. Қызмет барысында ажал құшқан 4 әскеримен туыстары, әріптестері мен ауылдастары қоштасты. Сол апаттан зардап шеккен бір науқастың жағдайы жақсарып келеді дейді дәрігерлер. Тек экипаж командирі Артем Аширов хәл үстінде жатыр деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Авиация бөлімінің штурманы Ғабит Барлықбаевпен қоштасу рәсімі майордың туып-өскен Алматы облысының Бақтыбай ауылында өтті. Қара жамылған отбасы антына адал болған атпалдай азаматтың қазасына көндігуден басқа амал жоқ деп отыр.

"Мен өзім армандадым. Кеңес үкіметінде ол алыс болатын. Сосын балаларым ұшқыш болса екен деп армандадым. Балаларым үмітімді ақтады. Ғабитөгім, қолбасшыларының үмітін ақтап, өз ісінің маманы болды. Үш балам антына берік болсын деп аманат қылдым. Халқына қызмет қылсын деп. Антын орындады", -деді марқұмның әкесі Есімде Барлықбаев.

36 жастағы Ғабиттің артында аңырап жан жары мен кәмелет жасына толмаған үш бірдей баласы қалды.

"Отбасы болғалы еркелеп, ештеңеге алаңдамай жүрдік. Өзі алаңдатқызбай, бәрін рет-ретімен жасайтын. Сенгісіз жағдайда тұрмыз. Әлі шок болып тұрмыз. Көзің ашық тұрса, сенбейсің. Бәрі түсің сияқты. Шиіт кетті ғой. Жұмаққа барады. Сол ғана мені тыныштандырады. Бізге уайымдамай, сол жақта алаңсыз жүрсін деп өз-өзімді ұстап тұрмын",- деді Барлықбаевтың жары Гүлзира Орманбекова.

Қызмет барысында бақилық болған тағы үш әскериді де туыстары ақтық сапарға шығарып салды. Ал Алматы қаласының бас дәрігері қайғылы оқиғадан зардап шеккен бір азаматтың өміріне төнген қауіп сейілгенін айтты. Тек 31 жастағы экипаж командирі Артем Ашировтың жағдайы әлі өзгеріссіз. Оның ахуалын білуге ауруханаға курстастары барған.

"Мамандығын жақсы көретін. Әр ұшқыш өз мамандығын жақсы көреді. Танитын адамың осындай жағдайда жатса қиын. Тез жазылып кетсін. Әйелі мен екі баласы бар. Бір баласы жақында туған, қырқынан да шықпады",- дейді Бақтияр Ақмурзинов.

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1903671-antyn-oryndady-almatyda-aue-apatynan-qaza-tapqan-usqystyn-akesi-uly-turaly-aitty/