Коронавирус қарсы отандық вакцинаның қашан өндіріске шығатыны белгілі болды
Опубликовано:

Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков қазақстандық QazCovid-In вакцинасының шамамен қашан өндіріске шығатынын айтты деп хабарлайды Coronavirus2020.kz Telegram арнасы.
Асылбековтың сөзінше, клиникалық зерттеудің бірінші және екінші кезеңі аяқталуға жақын. Атап айтқанда, бірінші кезеңі наурызда, екіншісі сәуірде аяқталады.
Ол сонымен бірге өткен жылдың желтоқсан айында клиникалық сынақтың үшінші кезеңі басталғанын және жоспарға сай жүргізіліп жатқанын да атап өтті.
Маманның айтуынша, сәуір айының соңында вакцина қолданысқа берілуі мүмкін.
"Алғашында 50 мың дозаға дейін шығарылады деп болжануда, кейінірек көлемі ұлғаяды. Оны технологиялар трансфертімен шығаруға мүмкіндік бар. Сәуір айының соңында алғашқы өнеркәсіптік партиясы шығарылады деп күтілуде", - дейді Нұрлыбек Асылбеков.
Еске сала кетсек, бұған дейін денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов биыл 6 миллион адамға коронавирусқа қарсы екпе салу жоспарланып отырғанын айтқан еді.
Сонымен бірге Шоранов сәуір айында "QazCovid-in" отандық вакцинасын пайдалану жоспарда бар екенін хабарлаған болатын.
Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы ораза кезінде вакцина салдыруға қатысты пікір білдірген еді.
Мүфтияттың шариғат пен пәтуа бөлімнің маманы Хасан Аманқұлдың айтуынша, адам ағзасына ауыз, мұрын, ішек сияқты табиғи жолмен түскен нәрсе оразаны бұзады. Ал екпе бұлшықетке салынады. Сондықтан оразаны бұзбайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1903801-qazaqstandyq-vakcina-samamen-qasan-daiyn-bolatyny-belgili-boldy/