RU

Талғарда адам өлтіріп, қашып кеткен Өзбекстан азаматы Шымкентте қолға түсті

Қылмыскер құрықталды
Көрнекі фото: Ria.ru

Алматы облысының полицейлері адам өлтіріп, оқиға орнынан ізін суытқан азаматты Шымкент қаласынан ұстады деп хабарлайды Polisia.kz.

Талғар ауданында болған адам өліміне қатысы бар күдіктілерді анықтауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер 50 жастағы күдіктіні Шымкент қаласынан ұстап, Талғар қаласына жеткізді.

Қылмысты ашу үшін ауқымды жұмыстар жүргізген тәртіп сақшылары күдіктілердің бой тасалауына жол бермеді.

"Күдікті ретінде Өзбекстан Республикасының 1970 жылы туған азаматы ұсталды. Ол бірге ішімдік ішу барысында туындаған жанжал кезінде танысына пышақ жарақатын салғанын және соның салдарынан танысының қайтыс болғанын мойындады. Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабына (Адам өлтіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Өзге ақпарат тергеу құпиялығына байланысты таратылмайды", – деді Талғар ауданының ПБ бастығы Жанболат Зиадин.

Тергеу барысында күдіктінің аса ауыр қылмыс жасағанын түсінген сәтте жазадан жалтару мақсатында оқиға орнынан ізін суытқаны анықталды. Дегенмен кәсіби шеберлігі жоғары жедел уәкілдер оны Шымкент қаласынан ұстады.

"Сонымен қатар, оқиғаның куәгері болған үшінші адам да қамауға алынды. Қазіргі уақытта оған қылмысты жасыру дерегі бойынша айып тағылды. Сонымен қатар, күдікті деп танылған шетел азаматының елімізге келу заңдылығы және немен айналысқаны толыққанды тексерілетін болады", – деп толықтырды Жанболат Зиадин.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1903849-talgarda-adam-oltirip-qasyp-ketken-ozbekstan-azamaty-symkentte-qolga-tusti/