Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысында бір топ адамның көзінше ер адамды өлтіріп кетті

Опубликовано:

пышақ11
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Түркістан облысында күдікті бір топ адамның көзінше ер адамды пышақтаған. Марқұм алған жарақатынан қайтыс болған. Бұл туралы өңірлік полиция департаменті хабарлады деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қылмыс наурыздың 12-нен 13-не қараған түні жасалған.

Куәгер Жасур Жұмабайдың сөзінше, ол Түркістаннан Кентауға көлікпен бара жатып, жолдағы бір топ адамды байқаған. Ер адам тоқтап, не болғанын білмек болған. Бастапқыда ол жол апаты орын алған шығар деп ойлапты.

"Мен жақынырақ келіп, жолдың ортасында бейтаныс адамның жерде жатқан адамға пышақ жарақатын салып жатқанын көрдім. Оның үстіне отырып алып, жібермеді. Басқа куәгерлермен бірге мен оларды ажыратпақ едім, алайда ер адам пышағын сілтеп, жақындағанның бәрін өлтіремін деп қорқытты. Біз қорқып, не істерімізді білмедік", - дейді Жасур.

Айтуынша, оқиға куәгерлері жедел жәрдем мен полицияны шақырған. Осы уақытта көлік келіп, ішінен полицей жүгіріп шыққан.

Ол қаскөйдің қолынан ұстап, пышағын тартып алып, қарсыласқанына қарамастан қолын қайырған. Кейінірек басқа да полицейлер мен дәрігерлер келген.

Жасур тәртіп сақшысына алғысын білдіріп, полиция департаментіне хабарлама жіберген.

Нұрлан Әбдиев
Нұрлан Әбдиев. Фото: Түркістан облысы Полиция департаменті

Түркістан облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиға шамамен 23:30-да болған. Анықталғандай, сол түні аса ауыр қылмыс жасаған күдіктіні Кентау қалалық полиция бөлімінің учаскелік қызметкері, майор Нұрлан Әбдиев ұстаған.

"Қызметтегі әріптесім Біржан Әубәкіровпен бірге түнгі шақыртудан келе жатқан едік. Сол уақытта көшеде көліктің жанына жиналған бір топ адамды байқадық. Ер адамның екінші бір жігітке пышақпен шабуыл жасап жатқаны анықталды. Маңайдағы адамдар жақындай алмай тұр екен.

Жақындаған кезде көліктен лезде шығып, уақыт жоғалтпай қылмыскердің қолынан ұстап, пышағын тартып алдым. Мен оны әріптестерім келгенше басқаларға зиянын тигізбес үшін ұстап тұрдым. Ұсталған адамды қолына кісен салып, полиция бөліміне жеткіздік", - дейді учаскелік инспектор.

Өкінішке орай, пышақ жарақатын алған ер адам қайтыс болған. Ал оны өлтірген күдікті Кентау тұрғыны болып шыққан. Қазір қамауда отыр.

"Кісі өлтіру" бабы бойынша тергеу жүріп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1903941-turkistan-oblysynda-bir-top-adamnyn-kozinse-er-adamdy-oltirip-ketti/

pixel