RU

Назарбаев Семейдегі спорт кешенін өзінің есімімен атау жайлы ұсынысқа жауап берді

Нұрсұлтан Назарбаев
Видеодағы кадр: "Хабар" телеарнасы

Еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семейдегі спорт кешенін өзінің атымен атауға қатысты ұсынысқа жауап берді. Бұл туралы Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter-де жазды.

"Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та Шығыс Қазақстан облысы белсенділерінің "Абай арена" стадионының атауын өзгерту туралы ұсынысы талқылануда. Елбасы әрдайым өзіне қатысты мұндай "құрмет-қошеметке" қарсы. Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, стадион қазақтың ұлы ақыны әрі философының атында қалуға тиіс", – деп жазды Айдос Үкібай.

Айта кетейік, бұған дейін Семейде Назарбаев даңғылы пайда болуы мүмкін екенін хабарлаған болатынбыз. Бастаманы қала белсенділері көтерген.

"Біз Қарағайлы шағынауданындағы әзірге атауы жоқ көшелердің біріне Назарбаев даңғылы деген атау берілгенін қалаймыз", – деген болатын Шығыс Қазақстан облысы мәслихатының депутаты Айбек Нұғымаров.

Оның айтуынша, сонымен қатар бастамашылар спорт кешендерінің біріне Елбасының есімін беру идеясын ұсынған.

"Сондай-ақ дәл осы ықшамаудандағы спорт кешенді Тұңғыш президенттің құрметіне "Елбасы Арена" деп атау туралы бастама көтерілді", – дейді Нұғымаров.

Депутат атап өткендей, бұл идеяны қолдайтын бастамашыл топтың құрамында 30-ға жуық адам бар. Оның құрамына ақсақалдар, депутаттық корпус өкілдері мен қала белсенділері кірген.

Дегенмен Айбек Нұғымаров бастама көтергендердің атын атамады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1903946-nazarbaev-semeidegi-sport-kesinin-ozinin-esimimen-atau-zaily-usynysqa-zauap-berdi/