Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы қалалық мобильділік басқармасының басшысы пара алды деген күдікке ілінді

Опубликовано:

Жемқорлық
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Алматы қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі пара алды деген күдікпен мегаполистің мобильділік басқармасы басшысына қатысты қозғалған қылмыстық істі тергеуде деп хабарлайды Қазақпарат.

Пара алды деген күдікке ілінген Ерлан Әділовке қатысты сотқа дейінгі тергеу биылғы жылдың 16 ақпанында басталғаны айтылды.

Қылмыстық кодекстің 366-бабы, 2-бөлігімен іс қозғалған.

"Қазіргі уақытта істің мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу мүдделеріне қатысты басқа ақпарат жария етуге жатпайды", - деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Талғат Башев.

Еске салайық, өткен жылдың маусым айында қала әкімінің өкімімен Ерлан Әділов Алматы қалалық Мобильдік басқармасының бастығы болып тағайындалған болатын.

Ерлан Әділов 1976 жылы өмірге келген.

Ол Мұхамеджан Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясын бітірген. Көлік және құқықтану салалары бойынша екі жоғары білімі бар. Көлік саласындағы қызметі Алматыдағы "№4 автобус паркі" ЖШС техника қауіпсіздігінің инженерінен басталды.

Мемлекеттік қызметке 2007 жылы келді. 2008 жылдан бастап Алматы қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында көлік бөлімінің маманы болды. Аталған басқармада жұмыс атқарған жылдары мемлекетік қызметтің барлық сатыларынан өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1904013-almaty-qalalyq-mobildilik-basqarmasynyn-bassysy-para-aldy-degen-kudikke-ilindi/

pixel