RU

"Скотчпен орап тастаған": Ұзынағашта екі азамат қарт әжейдің жерлеуге жинаған ақшасын ұрлады

Зейнеткер
Көрнекі сурет: pixabay.com

Ұзынағашта қос азамат зейнеткерді скотчпен орап, 800 мың теңгесін қолды қылған. 82 жастағы әжей Жамбыл АПБ кезекші бөліміне жүгінген деп хабарлайды NewTimes.kz агенттігі.

Кейуана Жамбыл аудандық полиция бөліміне екі ер адам өзін скотчпен орап, "жерлеуге жинаған" 800 мың теңгесін ұрлап кеткенін айтқан. Аталған факті Қылмыстық кодекстің "Қарақшылық" бабы бойынша СДТБТ-де тіркелді.

Алматы облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Данияр Меңдебаевтың айтуынша, іздеу шаралары барысында криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Алматыдағы әріптестері осыған ұқсас қылмыс бойынша күдіктілерді ұстағанын білген.

Тергеушілер Алматыда ұсталғандардың бұл қылмысқа қатысы бар-жоғын "қылмыс ізі арқылы" талдап, олардың Ұзынағаш ауылында жасалған қарақшылық шабуылға қатысы бар екенін анықтады. Олар 29 жастағы ағасы мен әпкесі және 41 жастағы сыбайласы болып шықты", - дейді Данияр Меңдебаев.

Ұсталғандар бұл қылмысқа шабуылшылардың бірінің бұрын сотталған әпкесі итермелегенін айтты. Екі азамат электрик сияқты үйге кіріп, қарт әжейді орап, шкафта тұрған ақшаны алып кеткен.

Олар тергеу соңына дейін қамауда болады.

Осыған дейін елордада 84 жастағы қарияны соңынан аңдып жүріп тонаған күдікті ұсталғанын жазған едік.

Қазір осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалуда. "Күдікті уақытша ұстау изоляторына алынды. Оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр", - деп жазады департаменттің баспасөз қызметі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1904017-skotcpen-orap-tastagan-uzynagasta-eki-azamat-qart-azeidin-zerleuge-zinagan-aqsasyn-urlady/