Қазақстанда қос азаматтығы бар тағы бір мемлекеттік қызметкер жұмысынан босатылды
Опубликовано:

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Қазақстанның мемлекеттік қызметкерлері арасында қос азаматтық туралы тағы бір анықталған жағдай айтылды - департаменттердің бірінің бас маманы қызметінен босатылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бақылау департаментінің директоры Ерлан Сапаров осы уақытқа дейін қос азаматтыққа қатысты екі факт анықталғанын жеткізді.
Біреуі – Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, екіншісі – сауда және интеграция министрлігі техникалық реттеу және метрология комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің бас маманы – мемлекеттік инспектор.
Фактілер анықталғаннан кейін екі мемлекеттік қызметкер де жұмыстан шығарылған.
Еске сала кетсек, сенатор Нұржан Нұрсипатов та құқық қорғау органдарындағы қос азаматтығы бар қызметкерлерді жұмыстан босатуды ұсынған болатын.
Депутат Еңбек кодексі мен "Мемлекеттік қызмет туралы" Заңға енгізілген түзетулер құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қолданылмайтынын атап өтті.
Олардың салалық заңдарында мұндай нормалар мүлдем жоқ. "Біздіңше, қабылданған шаралар одан әрі жүйелі және дәйекті дамытуды қажет етеді. Сонымен қатар, еліміздің құқық қорғау қызметі туралы, әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі, арнаулы мемлекеттік органдары туралы салалық заңдарда шет мемлекеттің азаматтығы қызметтен шығару үшін дербес негіз ретінде қаралмайды", - деді Нұржан Нұрсипатов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1904021-qazaqstanda-qos-azamattygy-bar-tagy-bir-memlekettik-qyzmetker-zumysynan-bosatyldy/