Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Барлығымыз жұмыссыз жүрміз": Алматыда кәсіпкерлер карантин режимінің қатаңдатылғанына қарсы шықты

Опубликовано:

официант85
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматыда мейрамхана қожайындары мен қызметкерлері карантин режимінің қатаңдатылғанына қарсылық білдірді. Жеке кәсібін дөңгелетіп отырғандар, қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақытын ұзартуды талап етуде. Себебі, кәсіпкерлер қазір қызметкерлерге жалақы төлемек түгілі, ғимаратты жалға алу ақысын төлей алмай жүргенін айтады деп хабарлайды Астана арнасы.

Қаланың бас санитарлық дәрігері карантин талаптарын күшейткен соң, мейрамхана қожайындарынан маза қашқан. Өйткені жұмысшылардың саны қысқарып, кәсібі жабылып қалу қаупі күшейген.    

"Өте көп қиыншылықтар көріп жатырмыз. Адамдарды жұмыстан шығару, олардың айлықтарын созып төлеу. Бізге келіп жатқан қонақтар азайып қалды. Себебі жұмыс уақыты қысқарып тұр. Қаулы бойынша сегізге дейін жұмыс істе дегенді алып қарасақ, адамдар жұмысынан 6-да шықса, олар кафеге қалай 8-ге қарай барады. Ең болмағанда 12-ге дейін жұмыс істесек", - дейді мейрамхананың басқарушы директоры Талғат Әбдіхалықов.

Тағы бір мейрамхананың басқарушы директоры Анастасия Беккердің айтуынша, қазір жұмысшылары үйлерінде жұмыссыз отыр, себебі нәпақасын тауып отырған орын жабылған.

"Біздің мейрамханамызға жұрт кешкі сағат сегізден кейін ғана жиналады. Оған дейін бірде-бір қонақ жоқ. Жаңа қаулы қабылданғалы бері мейрамханамыз жабық. Себебі күндіз адам келмейді. Жұмысшыларымыздың барлығы үйінде, жұмыссыз", - дейді Анастасия.

Мерекелік кештерді ұйымдастырушы Айдын Халитовтың сөзінше, ол да қазір карантиндік шектеулердің салдарынан жұмыссыз жүр.

"Мен мерекелік кештердің ұйымдастырушысымын. Менің жанымда диджейлер, шоу бағдарламалардың жүргізушілері, музыканттар тағы да басқа қызметкерлер бар. Қазір барлығымыз жұмыссыз жүрміз. Өйткені карантиндік шектеулер бізге жұмыс істетер емес", - дейді ол.

Ал кәсіпкерлердің шағымына жауап берген Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабыловтың сөзінше, шаһарда коронавирус өршіген соң осындай шара қабылданған.

"Қазір қаладағы эпидемиологиялық жағдай нашарлап тұр. Тәулігіне 307-ге жуық жағдай тіркелді. "Қызыл аймаққа" ендік. Сондықтан бұл қаулы инфекцияның таралуын оқшаулау мақсатында қабылданды. Яғни қоғамдық тамақтану орындары 20-шы наурыздан бастап кешкі сағат 21:00-ге дейін ғана жұмыс істейді", - дейді Байғабылов.

Мамандар вирустың өршуіне қоғамдық тамақтану орындары да ықпал етіп отырғанына сенімді.

Ә. Лесбек

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1904037-barlygymyz-zumyssyz-zurmiz-almatyda-kasipkerler-karantin-reziminin-qatandatylganyna-qarsy-syqty/

pixel