RU

Қызылорда облысында екі бала мұз астына түсіп кетіп, мерт болды

өзен11
Көрнекі фото: pixabay.com

Қызылорда облысында екі бала мұз астына түсіп кетіп, көз жұмды деп хабарлайды өңірдің Төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі.

ТЖД мәліметінше, оқиға 18 наурызда Шиелі ауданы, Шиелі кентіндегі "Сүйіндік" көлінде болған.

Ведомствоның хабарлауынша, жергілікті уақытпен сағат 13:05-те Қызылорда облысы ТЖД Дағдарыс жағдайындағы басқару басқармасына ата-анасының қарауынсыз қалған 2015 жылы туған қыз және 2013 жылы туған ұл баланың мұз астына түсіп кеткені туралы ақпарат түскен.

Оқиға орнына Шиелі ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Ә.Нұрмантаев пен инженер Н.Мұсахан барған кезде балалардың көл маңында ойнап жүріп, көлге батып кеткені анықталған.

Жергілікті уақытпен 12:55-те ауыл тұрғындарының күшімен балалардың денесі судан шығарылған.

Көлде олардың түскен жерінде ені 5 м, тереңдігі шамамен 1,5 метр, қалыңдығы 3-4 см мұз қатқан.

Осы орайда Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындарына балаларды бір минутқа болса да қараусыз қалдырмауды, мұзда сақ болуды, қауіпсіздік ережелерін естен шығармауды ескертеді.

"Қазіргі карнатин кезінде балалардың үйде болуына байланысты олардың қауіпсіздігіне көп көңіл бөлу қажет. Балаларға мұзда, өзен-көлдерде, арық пен каналдарда ойнауға болмайтынын түсіндіріңіз.

18 жасқа толмаған балаларға үйден өз бетімен, ересек адамдарсыз шығуға болмайтынын да ескертіңіз. Оған қоса, отпен ойнауға да болмайтынын және өрт қауіпсіздігі ережелері туралы айтыңыз.

Сіріңке баланың қолы жете бермейтін орындарда сақталғаны дұрыс. Мейілінше электр құралдары тоқтан ажыратылып, газ плитасының сөніп ұрғанын ұдайы қадағалаңыз. Бұдан бөлек, үйдегі терезелердің жабық тұрғанын да қадағалаған маңызды.

Әрбір адам өз баласының қауіпсіздігі үшін жауап беретінін түсіну тиіс. Барлық ата-ана және бала қауіпсіздік ережелерімен танысуы шарт. Ең бастысы, балаларды қараусыз қалдырмаңыз", - дейді ТЖ мамандары.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1904043-qyzylorda-oblysynda-eki-bala-ozenge-batyp-ketti/