RU

Қарағандыда көпбалалы отбасы 5 бөлмелі пәтерге ие болды

Көпбалалы ана
Кадр: "Астана" арнасы

Қарағандыда көпбалалы отбасына 5 бөлмелі пәтер кілті табысталды. Пәтерді өңірдегі құрылыс компаниясы сыйға тартқан деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Жаңа пәтер Наурыз мерекесі қарсаңында, "Бақытты отбасы" жобасы аясында беріліп отыр. Бес бөлмелі жайлы тұрғын үй Қарағанды қаласының қақ ортасында орналасқан.

Пәтер берілгенге дейін көпбалалы ана Жаңыл Дүйсенбаева өзінің қиын тұрмыстық жағдайын айтып, "Nur Otan" партиясынан көмек сұраған екен. Ол 20 жыл бойы жалдамалы пәтерде өмір сүріп келіпті. Аядай ғана бөлмені 12 адам паналаған. Баспаналы болған естіген ана, көптен күткен үйін көруге асығып, қуаныштан көзіне жас алды. Тілегі былай тез орындалатынына сенбеген ол, жомарт жандарға алғысын білдірді.

"Қазргі таңда өте қуаныштымын партияға және осы көмекті көрсетіп отырған серіктестік басшысына үлкен алғысымды айтамын. Тек қана жақсылық болсын", - дейді Дүйсенбаева.

Мұқтаж отбасына өңірдегі құрылыс компаниясы көмек көрсетіп отыр. Олар пәтер үлестіруді дәстүрге айналдырған екен. Партиялықтармен бірлесіп жыл басынан бері 5 пәтерді тегін үлестіріп үлгеріпті. Серіктестік басшысы мұндай игі іс әрі қарай да жалғаса беретінін атап өтті.

"Әр үйімізден бір пәтер беріп отырамыз. Бүгінгі Жаңыл апамыз 6 баласы бар екен, 7 немере бағып отыр. Біздің дәстүрімізде бар, аналарды қалдырмай, жесірін жылатпаған елміз ғой. Отбасы мүшелері елдің дамуына үлес қосса екен деген тілегіміз бар", - дейді құрылыс компаниясының бас директоры Айдос Мұқатаев.

Ғ. Өтемісов

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1904095-qaragandyda-kopbalaly-otbasy-5-bolmeli-paterge-ie-boldy/