Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мәскеуде көз жұмған қазақстандық студент қыздың өліміне қатысты іс сотқа жетті

Опубликовано:

Томирис Байсафа
Томирис Байсафа. Фото: instagram.com/_ahmetova_zhanna: UGC

Мәскеуде көз жұмған қазақстандық студент Томирис Байсафаға қатысты қылмыстық іс бойынша 23 наурызға белгіленген алдын ала сот отырысы 26 наурызға калдырылды. Марқұмның анасы Жанна Ахметова әлеуметтік желіде істі қарайтын судьялар мен алқабиге қысым жасалуы мүмкін деген болжамын айтып, соттың әділ өтуі үшін көпшіліктен көмек сұрады деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Томирис Байсафаның өліміне қатысты іс Мәскеу қаласының Никулин аудандық сотында қаралмақ. Қылмыстық іс бойынша алдын ала сот отырысы 23 наурыздан 26 наурызға шегерілді. Бұл туралы соттың ресми сайтынан белгілі болды. Сайттағы мәліметке сүйенсек, сотталушының есімі Муртузали Меджидов.

Томирис Байсафаның анасы Жанна Ахметова әлеуметтік желіде қызының өліміне қатысты қылмыстық іс туралы соңғы жаңалықтармен бөлісті. Ол сот барысында судьялар мен алқабилерге қысым жасалуы мүмкін деген күдігін жасырған жоқ.

"Достар! Мен сіздерден ешқашан көмек сұраған емеспін. Мен қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Мен сіздерге қызым Томиристің өліміне қатысты қылмыстық іс туралы соңғы жаңалықтарды айтқым келеді. Тергеу аяқталды, М. Меджидовты айыптау қорытындысын прокуратура мақұлдады. Мәскеу қаласының Никулин аудандық сотында алдын ала отырыс 23 наурызға белгіленді. Менің ойымша және тергеу тобының пікірінше, судьялар мен алқабилерге қысым жасалуы мүмкін деген болжамдарымыз бар және біздің осы уақытқа дейінгі істеген еңбегіміз мен күш-жігеріміз зая кетуі әбден мүмкін",-деп жазды ол желідегі парақшасында.

Жанна Ахметованың бұлай болжауына тергеу амалдары басталған кезде Мәскеу қаласының Никулин ауданаралық тергеу бөлімінің жетекшісі істі "өзін-өзі өлтіру" бабы бойынша тез арада жабуға тырысқаны негіз болған.

"Мен Президентке Ресей тарапынан сот ісін әділ жүргізу және алқабилерге жасалуы мүмкін қысымды болдырмау үшін қажетті шаралар қабылдау туралы өтініш білдіруді сұрадым. Қазір маған сіздердің көмегіңіз бұрынғыдан да қажет. Жанашыр достар, блогерлер барлық адамдардан түйілген бір жұдырықтай болып, осы ақпаратты Ресей мен біздің елдің бұқаралық ақпарат құралдарында таратуға көмектесулеріңізді сұраймын, осылайша баланы өлтіру ісі әділетті аяқталуына көмектескендеріңізді қалаймын", - деді Жанна Ахметова.

Еске сала кетейік, 2018 жылы 13 сәуірде қазақстандық студент Томирис Байсафа Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты ғимаратының төртінші қабатынан құлап кеткен еді. Дәрігерлер бірнеше операция жасағанымен ол араға үш апта салып, ауруханада көз жұмды. Ресейдің Тергеу комитеті "Өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу" бабы бойынша тергеу амалдарын бастады. Кейін істі "Қасақана кісі өлтіру" бабына өзгертті.

2020 жылы 28 шілдеде аталған іс бойынша Дағыстанның экс-премьерінің ұлы Муртузали Меджидов ұсталды. Тергеу нұсқасы бойынша Меджидов бойжеткенді ұрып, терезеден сыртқа итеріп құлатқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1904471-maskeude-koz-zumgan-qazaqstandyq-student-qyzdyn-olimine-qatysty-is-sotqa-zetti/