RU

Алматы облысында екі ер адам бір жігітке шабуыл жасап, тонап кетті

Видеодағы кадр
Видеодағы кадр: instagram.com/kris_p_talgar

Әлеуметтік желіде бейнебақылау камерасына жазылған видео жарияланды, онда 23 наурызда көшеде өтіп бара жатқан адамға шабуыл жасаған екі ер адамның әрекеті көрсетілген. Оқиғаның Талғар қаласында болғандығы атап өтілді. Бұл жағдайға Алматы облысының полиция департаментінде түсініктеме берілді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Видеода екі ер адамның бір жігітке шабуыл жасағанын көруге болады. Жігіт қашып құтылуға тырысқанымен олар оны қуып жетіп, жерге құлатып, соққының астына алады. Осыдан кейін шабуылдаушылар ер адамның заттарын тартып алып, оқиға орнынан ізін суытпақ болады.

"Талғар қаласы Попов көшесіндегі қарақшылық шабуыл", – делінген видеоның сипаттамасында.

Бұл оқиғаға Алматы облысының полиция департаменті түсініктеме берді. Баспасөз қызметі Талғар ауданының полиция басқармасында тонау фактісі бойынша ешқандай арыз-шағым түскен жоқ деп хабарлады. Сондай-ақ, ауруханаға да ешкім жүгінбеген.

"Алайда, әлеуметтік желілердегі жарияланымдарға жедел ден қою барысында аталған факт тіркелді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық қатысушыларын анықтау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады департаментте.

Еске салсақ, 24 наурыз күні Алматы тұрғынына белгісіз ер адам пышақпен шабуыл жасады. Бұл туралы Әсем есімді ару өз Instagram парақшасында жазды. Бойжеткеннің сөзінше, соққы арқадан жасалған, осылайша өкпесіне зақым келген.

Бойжеткен өзіне шабуыл жасаған азаматты танымайтынын айтты. Сондай-ақ ол желіде Бостандық аудандық полиция басқармасы аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғағаны туралы хабарламаның скриншотын салған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1904655-almaty-oblysynda-eki-er-adam-bir-zigitke-sabuyl-zasap-tonap-ketti/