Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қалай киінгені маңызды емес": Қайрат Құдайберген 19 жасар қыздың өліміне қатысты пікір білдірді

Опубликовано:

Қайрат Құдайберген
Фото: Instagram/Қайрат Құдайберген

Кәсіпкер Қайрат Құдайберген 19 жастағы алматылық бойжеткеннің өліміне қатысты пікір білдірді. Ол желідегі парақшасында елімізде әйелді зорлағаны үшін жазаның тым жеңіл екенін атап өтті деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қайрат Құдайберген 19 жасар қыздың аянышты өлімі туралы хабар жанына батқанын жазды. Ол қастандықпен өлтірілгеніне марқұмның өзін кінәлап жатқан желі қолданушыларын сынады.

"Бұл өмірдің қызығын көре алмай, қыршын кеткен сұлу бойжеткеннің қазасы жаныма батты. Ал болған жағдайға қоғамның көзқарасы одан бетер жүрегімді ауыртып отыр.

"Өзі кінәлі! Басқаларға сабақ болсын. Қыздар жеңіл жүрісті болмаңдар!", "Кештетіп неге қыдырған? Неге жеңіл жүрісті қыздар сияқты киінген? Міне, сондайларды өлтіреді!", "Бұл басқаларға сабақ болсын, желіде танысудың қандай болатынын білсін!", деген пікірлер болды.

Достар, естеріңізді жиыңыздар! Бұлай сіздер зорлық-зомбылықты, кісі өлтіру әрекеттерін насихаттап отырсыздар! Естеріңізде болсын, әйелдің қалай киінгені, қай уақытта қайда жүргені, ішімдік ішкені зорлыққа шақыру болып есептелмейді.

Сақ жүру керек екендігіне келісемін. Бұл ретте қауіпті дер кезінде ескертпеген ата-анасы да, мектебі де, айналасы да кінәлі.

Алайда ең алдымен қылмыскер кінәлі. Жәбірленушіні өз өліміне кінәлі етіп, сіздер кісі өлтірушіні ақтап отырсыздар", - дейді кәсіпкер.

Қайрат Құдайберген жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатаңдатуды қолдайтынын жеткізді.

"Мен жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатаңдату керектігін қолдағандардың бірімін. Бізде бұл қылмысқа бес-сегіз жыл бас бостандығынан айырады. Бұл өте аз. Мысалы 27 жастағы қылмыскерге сегіз жыл берсе, түрмеден шыққанда әлі де күш-қуаты бойында болады. Ол жақтан түзеліп шығуы мүмкін бе? Күмәнім бар.

Ал әлем елдерінде жыныстық зорлықпен сотталушылардың жазасы қатал. Қытайда, Араб әмірліктерінде, Иранда оларды ату жазасына кеседі. Египетте дарға асады. Үндістанда өмір бойы темір торға тоғытады, Францияда 20 жылға, Ресейде 30 жылға дейін жазасын өтеттіреді. Тіпті Норвегия, Нидерланды елдерінде жыныстық зорлық жасағандарға 14 жылдан кем жаза бермейді. Ал біз неге осындай қоғам теріс айналған адамдарға жеңіл жаза тағайындау керекпіз?", - деген ойын ортаға тастады кәсіпкер.

Еске салайық, Алматыда 19 жасар Аяжанның жоғалып кеткені аптаның басында, мереке күндері белгілі болды. Кейін қалалық полиция бойжеткеннің өлтірілгенін анықтады. Оны өлтірді деген күдікпен 1993 жылғы Түркістан облысының тұрғыны ұсталды.

Бұдан бөлек, Аяжанның туыстары қыздың өліміне қатысты қорқынышты жайттармен бөлісті. Олардың сөзінше, Аяжанды ерекше қатыгездікпен өлтірген. Марқұмның денесі аяусыз бөлшектелген күйі табылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1904703-aieldin-qalai-kiingeni-manyzdy-emes-qairat-qudaibergen-19-zasar-qyzdyn-olimine-qatysty-pikir-bildirdi/

pixel