Ақтөбелік келіншек түрмедегі күйеуіне есірткіні шоколадқа орап әкелген (фото)
Опубликовано:

Ақтөбедегі колония қызметкерлері жазасын өтеушілерге жолданған сәлемдемені тексеру кезінде абақтыға марихуана өткізбек болған тұрғынды анықтады. Келіншек шприц сауытына салынған марихуананы батон шоколадтың ішіне жасырған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталының тілшісі.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты КА-168/2 қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінің қызметкерлері мен полицейлер күдік туғызған сәлемдемені тексеру кезінде есірткі затын анықтады. Әйел адам 16 шприц сауытына мұқият жасырған марихуананы шоколадты батончикке орап өткізбек болған.

"Сәлемдеме жіберуші өз кінәсін жазбаша түрде толық мойындады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, аталған әрекетке барған азаматша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 296-бабының 2-ші бөлігі бойынша есірткі заттарын өткізгені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар, 1 жыл бойына мекемеге кездесуге келу мүмкіндігінен айырылады", - дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Алмас Шамишев.
Жазасын өтеу мекемесінің басшысы келтірген мәліметтерге сүйенсек, былтыр абақтыға сәлемдеменің арасына 300 мың теңгеге жуық ақша салып жібермек болғандар анықталған.
2020 жылдың қорытындысы бойынша, Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ қызметкерлері түзеу мекемелеріне кіргізуге тыйым салынған 600 граммға жуық есірткі, 1,5 литр спирттік ішімдік, 160-тан астам мобильді құрылғы сәлемдемелердің арасынан тәркіленді.
Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбедегі атышулы шошқа фермасының басшысы үйқамақта отырғанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1906102-aqtobelik-kelinsek-turmedegi-kuieuine-esirtkini-sokoladqa-orap-akelgen-foto/