Алматыда коронавирус жұқтырған 175 науқас жансақтау бөлімінде жатыр
Опубликовано:

Алматыда коронавирус жұқтырған 2 916 науқас ем қабылдауда. 175 адам жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев мәлім етті деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Барлық инфекциялық стационарда 5 460 төсек-орын бар. Бүгінде оның 54% -ы толық. Қазір ем қабылдап жатқандар саны 2 916 адам. Науқастар саны сағат сайын өзгеріп жатыр. 175 науқас реанимация бөлімінде", - деді Нариман Табынбаев.
Сонымен қатар, ол қалада дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныс медициналық құралдарының 2-2,5 айлық қоры бар екенін атап өтті.
Айта кетейік, Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия ел аймақтарындағы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасын жариялады.
Оған сәйкес, 2021 жылдың 4 сәуіріндегі жағдай бойынша, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Алматы, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары "қызыл" аймақта тұр. "Сары" аймақта Шымкент қаласы және Ақмола мен Қарағанды облыстары орналасқан.
Қалған барлық өңір - "жасыл" аймақта.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1906178-almatyda-koronavirus-zuqtyrgan-175-nauqas-zansaqtau-boliminde-zatyr/