Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Халықты вакциналау: бір дозаны алғаннан кейін екіншісін алуға келмейтіндер бар

Опубликовано:

Вакцина салу
Көрнекі сурет: pexels.com

Коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін алған азаматтар екпенің екінші дозасын салдыруға уақытылы келмейді. Отандық дәрігерлер осыған наразы. Қазақстанда кеңінен қолданылып жатқан "Спутник V" вакцинасының әр құтысында 5 доза бар. Оны ашқаннан кейін сол мезетте салып үлгеру керек. Себебі екі сағаттан кейін жарамсыз болып қалады деп жазады Хабар 24.

Ғайни Есенбекова білім беру саласында жұмыс істейді.

"Студенттермен жиі кезігетіндіктен коронавирусқа қарсы вакцина салдыруды дұрыс" деп, емханаға өз еркімен келді. Оның ойынша, бұл екпе ағзаны қауіпті инфекциядан қорғауы тиіс. Вакцинаның алғашқы дозасын 21 күн бұрын алған азаматша бүгін келесі екпені салдыртуға келді.

"Бірінші вакцина алғанда өз-өзімді психологиялық тұрғыда дайындап келдім. Кейбір кезде адамдар ауырды деп естисің. Бұрындары тұмаудан вакцина алып жүргендіктен вакцина да жеңіл өтеді деген үмітпен келдім. Түнде кішкене қиын болды. Аяқтарым сырқырап ауырды. Бірақ дәрігерлер айтқан дәрілерді ішіп, бір-екі күн ғана ауырладым. Температурам көтерілген жоқ. Қатты қиыншылық көргенім жоқ. Үшінші күні бәрі дұрысталды",- деді қала тұрғыны Ғайни Есенбекова.

Алайда барлық азаматтарымыз Ғайни сынды жауапкершілік танытпайды. Нұсқаулықта көрсетілген күні келмей, вакцинаның екінші дозасын алмайтындар да бар. Олардың кесірінен екпе салу уақыты ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Себебі әр флаконда 5 доза бар. Ол ашылғаннан кейін 2 сағат ішінде 5 адамға салынуы керек. 

"Мәселен, бүгін екпе салдыруға тек 4 адам отыр. Біреуі белгілі бір себептермен келмей қалды. Біз тез арада басқа адамдарға хабарласып, оларды шақыруымыз керек. Қалған төртеуі соны күтіп отырады. Салдарынан дәрігерлер мен азаматтарымыз көп уақыт жоғалтады. Ақ халаттыларға ренжіп жатқандар да бар.

Ал біз болсақ, вакцинаның бірде-бір дозасын жоғалта алмаймыз. Сол себепті екпе алушылардан көрсетілген күні келуін сұраймыз. Бұл ескертуді елемегендерге келесі жолы вакцина салғызу оңайға соқпайды",- дейді эпидемиолог Клара Мұқанова.

"Спутник V" вакцинасы емханаларға арнайы қоймадан әкелінеді. Екпе міндетті түрде - 18 градусқа қойылған тоңазытқышта сақталады. Адамдар жиналған бойда медбике оны алып шығып, 5-7 минут бойы жылытады. Ал, дәрігер екпе алатындардың денсаулығын тексеріп, оларға түсіндіру жұмысын жүргізеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1906183-xalyqty-vakcinalau-bir-dozany-algannan-keiin-ekinsisin-aluga-kelmeitinder-bar/

pixel