Желіде биімен танымал болған қарағандылық әкім қызметінен кетуге өтініш берді

Опубликовано:

ФОто
Фото: Ашық дереккөз

Әріптестерімен бірге би билеп, желіде танымал болған Қарағанды облысындағы Жәйрем кентінің әкімі Аманғазы Наукенов өткен аптаның соңында өз еркімен қызметінен кету туралы өтініш берген. Әкімдіктегілер әкімнің жұмыстан кету себебін мәлім етпеді деп хабарлайды 31 арна.

"Жәйрем кентінің әкімі Аманғазы Боранбайұлы Наукеновтан ағымдағы жылдың бесінші сәуірінен бастап аталған лауазымынан өз еркімен босату туралы өтініш түскен болатын", - дейді Қаражал қаласы әкімінің аппарат басшысы Досбол Құлымбетов.

Ал ауыл тұрғындарының айтуынша, ауыл басшысы оларға дөрекі сөйлейді.

"Баруға қорқамыз енді. Адамға тіл тигізіп, ұрмақшы болып жүгіреді. Содан кейін шошып қалыппын. Бұндай адамды қалай әкім етіп сайлап отыр", - дейді кент тұрғыны Халымхан Өсерхан.

Оның ауылдасы Ақбота Ордабаева да әкімнің жұмысына көңілі толмайтынын жасырмады.

"Наукенов Аманғазыға айтарым, ақыры халыққа дұрыс қызмет жасай алмайды екенсіз, одан да кеткеніңіз дұрыс па деп ойлаймын", - дейді ол.

Ал Қаражал қаласының әкімдігі тұрғындар тарапынан ресми шағым түспегенін айтады. Өтініш түскен жағдайда әкімге қатысты шара қолданылатынын хабардар етті.

Жәйрем кентінің әкімі болып бес жыл бұрын тағайындалған Аманғазы Наукеновтің үстінен бұған дейін халық тарапынан шағым түспеген.

Естеріңізге сала кетейік, Аманғазы Наукенов өткен жылы карантин мен өзін-өзі оқшаулау кезінде ұжыммен бірге би билеп, оны видеоға түсіріп, әлеуметтік желілер мен WhatsApp мобильді қосымшасы арқылы таратқан болатын.

Нәтижесінде шенеунікке қызметіне толық сай емес деген сөгіс жарияланған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1906218-zelide-biimen-tanymal-bolgan-qaragandylyq-akim-qyzmetinen-ketuge-otinis-berdi/