Келісі 250 теңгеден сатылуда: Павлодарда картоп бағасы күрт қымбаттады
Жарияланған күні:
Павлодарда картоп бағасы күрт қымбаттады. Өңірде көкөністің келісі 250 теңгеге жеткен. Аймақта бұдан өзге қызылша, сәбіздің де бағасы күрт өскен. Мәселен қызылшаның бір келісі 250 теңге болса, сәбіз 200 теңгеден сатылып жатыр деп хабарлайды Астана арнасы.
Астықты өлкеде бағаның күрт көтеріліп кетуі, тұрғындардың наразылығын тудырған. Бұқара дүкендер мен базарларда бағаның бағынбай бара жатқанын айтады.
"Картоптың бағасы 250 теңге. Өзімізде өсетін картошка. Бірақ, басқа жақтан картошкаларын әкеліп сатады да, неге екенін білмеймін", - дейді тұрғын.
"Картоптың бағасын көрдім. Мен өзім 220-дан алам. 280-дікі бар. Ондайға енді қарамаймыз. Мен 220-нікін алам", - дейді тағы бір тұрғын.
Ал жергілікті шенділер бағаның өсуі қалыпты жағдай екенін жеткізді. Себебі картоп сақталуы аса күрделі көкеніс болғандықтан, бағаның өсуі де заңды құбылыс дейді олар.
Десе де, атқамінерлер аймақта картоп тапшылығы жоқ деп отыр. Тұрақтандыру қорында 850 мыңнан астам тонна картоп бар көрінеді.
Ал базарлар мен дүкендердегі бағаны бақылау құзырларына кірмейтінін атап өтті.
"Павлодар халқы күніне 8-9 тонна шамасында картоп тұтынады. Босату бағасы 98 теңге. Бағаның өсуі өндірушілердің босату бағасымен байланысты және оны сатып алатын делдалдар бар. Осылайша, қымбаттап жатыр.
Біз дүкендерді үнемі бақылаймыз. Олар 10 пайыздан артық үстемеақы қоспайды. Базарларда нарықтық баға болғандықтан, біз оған араласа алмаймыз", - дейді Павлодар облыстық сауда және инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Талғат Дұғалов.
Авторы: Ө. Қуанар
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1906427-kelisi-250-tengeden-satyluda-pavlodarda-kartop-bagasy-kurt-qymbattady/